Мектептердегі білім сапасын бағалауда оқушылардың жақсы және үздік бағамен оқитын үлесін негізгі көрсеткіштердің бірі ретінде қолдану қаншалықты дұрыс? Құрылтай депутаты Айнагүл Балташева Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменовадан блоктық бюджеттеу жағдайында білім саласына бөлінетін қаржының нақты нәтижелері қалай бағаланатынын сұрады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың айтуынша, былтыр блоктық бюджетке көшу нәтижесінде министрліктер қаражатты бөлуде көбірек дербестікке ие болды. Осыған байланысты бюджет шығыстарының нәтижелілік көрсеткіштерінің маңызы артқан.
Алайда Оқу-ағарту министрлігінің көрсеткіштері арасында 4 және 5 деген бағаға оқитын оқушылардың үлесі де бар.
Айнагүл Балташева бұл көрсеткіш бюджет шығыстарының тиімділігін қаншалықты объективті бағалауға мүмкіндік беретінін сұрады.
Оқушылардың білім сапасы шын мәнінде жақсармаған жағдайда да әкімшілік шешімдермен бағалау тәсілдерінің өзгеруі нәтижесінде жақсы және үздік оқитын оқушылардың үлесі артуы мүмкін, – деді депутат.
Ол сондай-ақ «Келешек мектептеріне» қатысты шығындарға тоқталды. Депутаттың мәліметінше, 219 әдістемелік құрал әзірлеуге 1,169 млрд теңге бөлу көзделген.
Айнагүл Балташева мектептерге оқыту мен басқарудың заманауи тәсілдерін енгізудің маңызын атап өтті. Алайда осындай ауқымды өзгерістерді 219 әдістемелік материал әзірлеу арқылы қамтамасыз ету жеткілікті ме деген сұрақ қойды.
Министрлік осы тетікті қайта қарап, қаражатты кешенді жұмыстарды жүзеге асыруға бағыттауға дайын ба? – деді ол.
Өз кезегінде Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова білім беру саласына бөлінетін әрбір қаражаттың оқушының (4,1 млн оқушы) білім сапасына бағытталуы маңызды екенін айтты.
Министрдің айтуынша, биылдан бастап білімді бағалау тәсілдері де өзгертіліп жатыр. Бастауыш сыныптардағы білім мазмұны мен бағалау жүйесі қайта қаралған. БЖБ мен ТЖБ алынып тасталды. Сонымен қатар бақылау тетіктері өзгеріп, оқу сауаттылығын арттыруға бағытталған жұмыстар қолға алынған.
Жұлдыз Сүлейменова «Келешек мектептері» ұлттық жобасының негізгі мақсаты қалалық және ауылдық мектептер арасындағы білім сапасы алшақтығын азайту екенін атап өтті.
Қазіргі таңда 217 «Келешек мектебі» бой көтерген. Министрдің айтуынша, бұл мектептер ғимараты, техникалық және материалдық жабдықталуы жағынан жалпы білім беретін мектептерден ерекшеленеді. Енді осы жинақталған материалдық-техникалық базаны білім сапасын арттыруға жұмсауымыз қажет, – деді министр.
Осы мақсатта Үкімет қаулысымен Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы «Келешек мектептерінің» әдістемелік орталығы ретінде белгіленген.
Министрдің айтуынша, осы орталық арқылы «Келешек мектептеріне» арналған әдістемелік ұсынымдар әзірленеді. Оның ішінде STEM-білім беру, олимпиадалық білімді дамыту, балалардың ғылыммен айналысуына жағдай жасау және жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесіне енгізу бағыттары қамтылады.
Әзірленген ұсынымдар өз тиімділігін дәлелдегеннен кейін барлық білім беру ұйымдарына енгізілмек.