Заңгер елімізде неліктен өлім жазасы жоқ екенін түсіндірді

5 Қазан 2021, 13:07
9434
Бөлісу:
Заңгер елімізде неліктен өлім жазасы жоқ екенін түсіндірді
Сұхбат

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биыл жариялаған Жолдауында Қылмыстық кодекстің нормаларын үйлестіру керегін айтқан болатын. Аталған ережелерді жіті түсіну мақсатында ҚР Заңнама және құқықтық ақпарат институтының бас ғылыми кеңесшісі, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Ермек Әбдірасұловпен сұхбаттасқан едік.

- Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында: «Біз Қылмыстық кодекстің нормаларын Екінші Факультативтік хаттаманың ережелерімен үйлестіруіміз керек» делінген. ҚР Қылмыстық кодексінің нормаларын үйлестіру не үшін қажет екенін түсіндіре аласыз ба?

- Иә, Мемлекет басшысының Жолдауында ҚР Қылмыстық кодексін Екінші факультативтік хаттаманың ережелерімен сәйкестендіру қажеттілігі туралы айтылған. Бұл Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі 2020 жылдың 23 қыркүйегінде өлім жазасын жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің екінші факультативтік хаттамасына қол қоюына байланысты. 2021 жылғы 2 қаңтарда Мемлекет басшысы өлім жазасын жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге екінші Факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы заңға қол қойды. Заң 2021 жылдың 16 қаңтарында күшіне енді. Қазақстан Хаттамаға қол қойған және ратификациялаған тарап ретінде өлім жазасына қатысты қылмыстық заңның нормаларын Факультативтік хаттаманың ережелеріне сәйкес келтіруге міндетті.

- Сіз ҚР Екінші Факультативтік хаттаманы ратификациялады дедіңіз. Екінші Факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы ҚР Заңының қабылдануы мемлекеттің құқықтық саясатының қандай бағытымен байланысты? Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге екінші Факультативтік хаттама дегеніміз не?

- ҚР Конституциялық Кеңесінің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы қаулысында ҚР Конституциясы мен халықаралық актілері демократиялық қоғамның негізгі құндылығы ретінде өмір сүру құқығын таниды, оның үстем мәртебесін айқындайды және қандай да бір айырмашылықтарсыз барлық адам үшін осы құқыққа кепілдік беру жөніндегі мемлекеттің міндеттемелерін белгілейді. Республика Конституциясының 1-бабының 1-тармағына сай адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең қымбат қазынасы болып табылады. Халықаралық құқықта өлім жазасын жою үрдісі айқын көрсетілген. Бұл шын мәнінде адамның өмірі мен құқықтары ерекше құнды болып табылатындығы демократиялық мемлекеттердегі әлемдік үрдіс. Ешкімнің, тіпті, мемлекеттің де адамның өмірін қиюға құқығы жоқ. Ол бұл құқықты тек соғыс уақытында және тек аса ауыр әскери қылмыстар үшін пайдалана алады. «Заңға қарсы қылмыспен де (адам өлтіру түріндегі қылмыс жасау), заң бойынша да (заңда көзделген жаза ретінде) ешкім өмірінен айырылуға тиісті емес» деген даусыз қағида адам мен қоғамның санасына терең енуі керек.

Қазақстан әлемдік қауымдастықтың тең құқықты мүшесі ретінде ішкі заңнаманы құру кезінде о бастан осындай жаһандық тенденцияны басынан бастап ескереді. Стратегиялық және бағдарламалық құжаттарда қылмыстық құқықтық саясат өлім жазасы көзделген қылмыстардың санын шектеуге бағытталған. Бұған өмір бойына бас бостандығынан айыруды оның баламасы ретінде енгізу, 2003 жылы өлім жазасын орындауға мораторий енгізу, кейіннен қылмыстық заңнаманы соған сәйкес келтіре отырып, 2007 жылғы конституциялық реформа арқылы қылмыстық саясатты елеулі ізгілендіру, осы санаттағы қылмыстық істерді қарау кезінде процестік кепілдіктерді нығайту және басқалар дәлел бола алады. Осылайша, Қазақстанда өлім жазасы ұзақ уақыт бойы орындалмады. Бұл айрықша жаза шарасын қолданбау үшін қалыптасқан тұрақты құқықтық режимнің бар екенін білдіреді.

Екінші Факультативтік хаттаманың 1-бабында Осы Хаттамаға қатысушы мемлекеттің юрисдикциясындағы бірде-бір адам өлім жазасына ұшырамайды делінген. Әрбір қатысушы мемлекет өз юрисдикциясы шеңберінде өлім жазасының күшін жою үшін барлық қажетті шараны қабылдайды.

Екінші Факультативтік хаттаманың 2-бабының 1-тармағы, осы Хаттамаға, ратификациялау немесе қосылу кезінде жасалған, соғыс уақытында жасалған әскери сипаттағы аса ауыр қылмыстарды жасағаны үшін кінәсін мойындағаннан кейін соғыс уақытында өлім жазасын қолдануды көздейтін ескертпені қоспағанда, ешқандай ескертпелер жасауға жол берілмейтіндігін текітеді.

Қазақстан Хаттамаға қол қою кезінде: «ҚР Екінші Факультативтік хаттаманың 2-бабына сәйкес соғыс уақытында жасалған әскери сипаттағы аса ауыр қылмыстарды жасағаны үшін кінәсін мойындағаннан кейін соғыс уақытында өлім жазасын қолдану құқығын өзіне қалдырады» деген ескертпемен оның ратификациялануын көздеді.

Екінші Факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы заңның мәні тек әскери сипаттағы аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін оны соғыс уақытында қолдану мүмкіндігін қоспағанда, Қазақстанда өлім жазасына толық тыйым салынғандығында болып табылады.

- «Қылмыстық кодекстің нормаларын үйлестіру» деген тіркесті қалай түсіну керек?

- Қылмыстық кодекстің нормаларын үйлестіру өлім жазасына қатысты Қылмыстық кодекстің барлық ережесі мен нормасы екінші Факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы заңның ережелеріне сәйкес келтірілуі тиіс дегенді білдіреді. ҚР қолданыстағы Қылмыстық кодексінде өлім жазасы деген сөз 42 рет қолданылады. Осыған байланысты Кодекстің үйлестірілуіне байланысты өлім жазасы түріндегі жазаны соғыс уақытында жасалған әскери сипаттағы аса ауыр қылмыстар үшін көзделген санкцияларда ғана қалдыру қажет.

- Екінші факультативтік хаттаманы ратификациялау Қазақстан үшін қандай құқықтық салдарға әкеледі?

- Қазақстан өзіне міндеттеме алады және соғыс уақытында аса ауыр әскери қылмыстар үшін қолдануды қоспағанда, өлім жазасы түріндегі жазаны қолданудан толық бас тартады.

- Қылмыстық кодекстің нормаларын үйлестіру үшін бүгінгі күні нақты қандай әрекеттер қажет?

- Қылмыстық кодексте өлім жазасы деген сөз 42 реттен көп қолданылады. Заң дайындау жұмыстарын жүргізу және соғыс уақытында жасалған әскери сипаттағы аса ауыр қылмыстарды жасағаны үшін көзделген ҚР ҚК баптарының санкцияларында ғана өлім жазасы түріндегі жазаны қалдыра отырып, еліміздің Қылмыстық кодексіне тиісті өзгерістер енгізу қажет.

- Әңгімеңізге рахмет!
Өзгелердің жаңалығы