Қазақстанда салмақ тастауға арналған препараттарды тіркеу жұмыстары жалғасып жатыр. «Мунжаро» әзірге сараптамадан өтуде. Ал Данияның «Ново Нордиск» компаниясы шығарған семаглутид негізіндегі препарат тіркеу куәлігін алып үлгерді. Сонымен қатар Маңғыстау облысында тіркелмеген пептидтік препараттарды қолданған жекеменшік клиника анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіпов Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Оның айтуынша, Қазақстанда осы топқа жататын бірқатар препарат тіркелген. Олардың мәртебесін дәрілік заттардың мемлекеттік тізілімінен тексеруге болады.
«Мунжароның» тіркелуі туралы не белгілі?
Бауыржан Жүсіпов Қазақстанда бірқатар дамыған елдердің уәкілетті органдары мақұлдаған дәрілерді тіркеу рәсімі жеделдетілгенін айтты.
Мысал ретінде ол Данияда өндірілген, жақында небәрі 15 күн ішінде тіркеуден өткен препаратты атады.
Қазір «Мунжаро» сараптама кезеңінен өтіп жатыр. Жалпы, біз мемлекеттік қызметші ретінде сауда атауларын атауға құқылы емеспіз, – деп түсіндірді Жүсіпов.
Ол жуырда Данияның «Ново Нордиск» компаниясы шығарған семаглутид негізіндегі препараттың тіркеу куәлігін алғанын нақтылады.
Сонымен қатар осы топтағы басқа препараттарды тіркеу жұмыстары да жалғасып жатыр. Комитет төрағасының айтуынша, тиісті рәсімдер Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығында жүргізіледі.
Жекеменшік клиникадан тіркелмеген препараттар анықталды
Бауыржан Жүсіпов мемлекеттік тіркеуден өтпеген дәрілерді қолдану заң талаптарын бұзу болып саналатынын ескертті.
Препараттарды тіркеуден өтпейінше қолдануға болмайды. Бұл заң бұзушылық болып есептеледі, – деп атап өтті комитет басшысы.
Айтуынша, 2026 жылы Маңғыстау облысында тіркелмеген пептидтік препараттарды қолданған жекеменшік клиника анықталған.
Жүсіпов бұл дерек бойынша құқық қорғау органдарымен бірлесіп жұмыс жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Ведомство дәрілік заттардың айналымына қойылатын талаптардың сақталуын тексеруді жалғастырып жатыр. Сонымен қатар басқа елдерде тіркелген жекелеген препараттарға құжаттарды жеделдетілген тәртіппен қарау мүмкіндігі қарастырылған.