Заң үстемдігі және азаматтық тәртіп аса қажет – Мемлекет басшысы

26 Қаңтар 2023, 10:25
1042
Бөлісу:
Заң үстемдігі және азаматтық тәртіп аса қажет – Мемлекет басшысы
Фото: Ақорда

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Сенатының отырысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кез келген саяси мүддеге қарағанда мемлекетшілдік қасиет әлдеқайда биік тұруға тиіс. Қоғамға, ең алдымен, әрбір сөзіне және ісіне жауапкершілікпен қарайтын саясаткерлер қажет. Сонда азаматтардың елдік саясатқа деген сенімі артады. Ал, сенім – бұл аса маңызды құндылық. Біздің елімізге заң үстемдігі және азаматтық тәртіп аса қажет. Бауыржан Момышұлы «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деп айтқан. Заңды сыйлайтын елдің қашанда ұпайы түгел, - деді ол.

Президент татулық пен тұрақтылық ең асыл құндылық екенін тағы бір мәрте атап өтті.

Шын мәнінде, татулық пен тұрақтылық ең асыл құндылық екеніне бәріміз көз жеткіздік. Тыныштық болмаса, басқа табыстың бәрі бір сәтте құрдымға кететінін көрдік. Біз ел бірлігінің арқасында барлық қиындықты жеңіп келеміз. Сондықтан, барды бағалап, ырысты ынтымағымызды қорғау – бәрімізге ортақ қасиетті борыш. Біз бір-бірімізге қамқор, жанашыр болып, жақсылыққа ұмтылуымыз керек. Қоғамдық келісімді сақтау мемлекеттік органдардың ғана міндеті емес. Бұл – еліміздің әрбір азаматының перзенттік парызы. Біз не істесек те, ел мүддесі үшін жасаймыз. Мақсатымыз – Қазақстанды тұғыры берік, экономикасы қуатты, рухы асқақ, бірлігі бекем мемлекет ретінде ұрпаққа табыстау. Осы тарихи міндетті бәріміз бірге абыроймен атқарып шығамыз деп сенемін, - деді Президент.

Өзгелердің жаңалығы