Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Отандық Social media marketing саласының аяқ алысы қалай? Қай бағытта дамиды және қандай трендтер сұраныста? Сондай-ақ, жеке тұлға мен қандай да бір компанияның имиджін қалыптастырудың арасында айырмашылық, ерекшеліктер бар ма?
Бүгінде Social media marketing саласы қарапайым қолданушыдан бастап, әлемдік ірі компаниялардың сұраныстарын қанағаттандырып, бейнесін қалыптастыратын орасан құралға айналды. Онлайн пікірталас барысында «Астана» телеарнасының бас продюсері Азамат Исаев телеарнаның Instagram-дағы ресми парақшасын дамыту тәжірибесімен бөлісті. Айта кетейік, «Астана» телеарнасының инстаграмдағы парақшасы 2014 жылы ашылып, осы аралықта отандық телеарналардың ішінде ең көп тіркелушісі бар аккаунтқа айналған. Оның айтуынша, аудиторияның үздіксіз кеңейіп отыруының өзіндік құпиясы бар.
Біз әрқашан жазылушыларымызбен байланыста болдық. Олардың жеке парақшаларына кіріп, суреттеріне лүпіл басып отырдық. Кері байланыстың маңызы зор. Өзіне жақындықты сезген тұтынушы міндетті түрде сенің парақшаңа жазылады. Сондай-ақ, карантин кезінде Insatgram парақшамыз 18 миллион тіркелушіні қамтыды. Яғни, біз күнде теледидардан арнайы титр арқылы көрерменді өз парақшамызға жазылуға шақырдық, - деді Азамат Исаев.
Өз кезегінде «Хабар» телеарнасы SMM бөлімінің басшысы Інжу Қабылдина көпшілікпен SMM жүргізудің ережелерімен бөлісті. Оның пікірінше, әлеуметтік желіден қандай да бір парақша ашарда алдымен клиенттің портретін жасап, аудиторияңның бейнесін қалыптастырып алу қажет. Яғни қоғамның сұранысын анықтап алу маңызды. Содан кейін ғана айдарлар, әртүрлі форматтар, редакциялық жоспар, контент және мазмұны жасалады.
Сонымен қатар, Інжу Қабылдина «Хабар» телеарнасы журналистерінің де ел алдындағы танымалдылығы әлеуметтік желіні жүргізуде үлкен пайдасын беретінін айтты.
Жоғары сапалы мазмұн, әдемі сурет, қызықты мәтін, геймификация, сторителлинг және ойын-сауық мазмұнының арқасында да аудиторияның белсенділігін арттыруға болады. Бірақ егер сенің телеарнаңның журналистері қоғамға танымал болса, онда солардың суреттерін салу арқылы аудиторияңды арттыруға болады, - деп қорытындылады Інжу Қабылдина.
Ал Ruh.kz порталының SMM маманы Аида Елемесова ақпараттық форматтағы аккаунттарды жүргізу коммерциялық парақшаларды жүргізуге мүлдем ұқсамайтындығын айтты.
Коммерциялық аккаунттардың міндеті – өз тауарларын халыққа сату болса, біздің негізгі функциямыз – халықты ақпараттандыру. Сол арқылы өзіміздің компаниямыздың брендін қалыптастырамыз. Сондықтан, оқырманымыз қызығып, парақшамызға қайта кіргісі келуі үшін әрдайым елең еткізетін ерекше ақпараттар беріп отыруымыз керек. Бұдан бөлек, #хэштег құралы да сіздің жазбаңыздың әрдайым ТОП материалдар қатарында болуына көмектеседі. Менің ойымша, 2021 жылы да хештэг құралы маңызды функцияны атқара береді. Тек шектен тыс қолдануға болмайды, - деді Аида Елемесова.
Онлайн конференцияға қатысқан мамандардың бірі «Вrand Strategy» коммуникациялық агенттігінің басшысы Мақсат Төлегенов бүгінде әлеуметтік желілердің рөлі артып, саяси технологиялық құралға айналғанын айтты. Атап айтсақ, Social media marketing-тің көмегімен президент болған алғашқы әлемдік саясаткер ретінде Барак Обаманы мысалға келтіріп, алдағы уақытта да әлеуметтік желілер қоғамның саяси өміріне белсенді араласа беретіндігіне сенім білдірді.
Жалпы, әлеуметтік желілердің «жансыз» болғаны үлкен минус. Тіпті, қандай да бір тауарды парақшасы болса да, оны жекелеген адамдар арқылы жүргізген дұрыс. Яғни, жазбаларда адамның суреті көп болған сайын тұтынушылардың да сенімдері жоғарылай түспек. Дегенмен, көптеген саяси тұлғалар парақшаларын өздері жүргізуге тырысады. Бұл бір жағынан дұрыс. Оқырманыңмен тікелей байланыс орнатасың. Бірақ егер SMM қағидаларын дұрыс білмесең, бұл жұмысты кәсіби мамандарға тапсыру керек, - деп ойын қорытындылады ол.
Ал бүгінгі Social media marketing-тің заманауи трендтерін атап өткен Nur.kz порталы SMM бөлімінің жетекшісі Софья Чиримова ең бастысы шынайы болу керектігін айтты.
Әлеуметтік желілерге тіркелген кез келген адам қандай да бір парақшадан шынайы ақпаратты алғысы келеді. Осы орайда челлендждер күн сайын өзгеріп отыратындығын да атап өткен дұрыс. Бүгінгі трендтердің арасында жағымдысы да көп, жағымсызы да көп. Бірақ қандай тренд болмасын, оқырманың сенен шынайылықты күтеді. Таза эмоция алғысы келеді, - деді Софья Чиримова.
Жалпы, «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты алдағы уақытта баспасөз турларын офлайн форматта да ұйымдастыруды жоспарлап отыр.