Закиржан Мамлютов: Кез келген қауіпке төтеп беру үшін бірлік керек

25 Сәуір 2023, 18:21
1168
Бөлісу:
Закиржан Мамлютов: Кез келген қауіпке төтеп беру үшін бірлік керек

Петропавл – еліміздің солтүстік аймағының ең шеткі нүктесінде орналасқан көне қала. Өңірде 100-ден астам ұлт пен ұлыс өкілдері тұрады. Халық арасындағы ауызбіршілік қаншалықты маңызды, қазіргі қоғам үшін басты құндылық не? BAQ.KZ тілшісі осы және басқа да мәселелер төңірегінде қоғам белсендісі, теріскей тұрғыны Закиржан Мамлютовпен сұхбаттасқан еді.

- Теріскей халқының басым көпшілігі орыс халқының өкілдері екені жасырын емес. Сіздің пікіріңізше, Қазақстанда русофобия бар ма?

- Достарымның арасында түрлі ұлт өкілдері көп. Әрқайсысының өз ерекшелігімен қатар, бәріне ортақ құндылықтар да кездеседі. Бір-бірімізге қонаққа жиі барамыз. Христиан дінін ұстанатындар бізді Ораза, Айт сынды діни мерекелемен құттықтап, ақ тілектерін жаудырып жатса, біз де Рождество, Пасха сынды тағы басқа мейрамдардарда жолдастарымызға жылы лебізімізді жеткізуді ұмытпаймыз. Мультимәдениетті қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Оның еш ағаттығы жоқ. Жер үйде тұрамын. Көршілерім де орыс ұлтының өкілдері. Жақсы араласамыз. Айтпағым, өз ортамда, солтүстік өңірде, қала берді елімізде русофобия барын сезінген емеспін. Олай дейтінім, қызмет бабымен еліміздің түкпір-түкпірін араладым. Көп адамдармен танысып, білістім. Бәріміз тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Біздің баға жетпес байлығымыз да осы. Аралас-құралас болған соң, бір-бірімізден үйренеріміз, үлгі алатын тұстар да көп. Балаларымыз бір мектепте оқиды, бір балабақшаға барады. Олар да бір-бірімен дос.

- Ата-бабаларыңыз Қазақстанға қашан қоныс аударды? Оған не себеп болды? Өзіңіздің қазіргі өміріңізге көңіліңіз тола ма?

- Ата-бабам Қазақстанға 1786 жылы көшіп келген. Олар қоныс тепкен, негізін салған жер бүгіндері Мамлютка қаласына айналды. Атамның есімі – Мамлют. Мен 7-ші ұрпағымын. Атам соғыс ардагері, бабам – Қызыл байрақ совхозының директоры болған. Бәрі ауыл шаруашылығымен айналысты. Еңбектің арқасында тұрмысымыз жаман болған емес. Оқыған, қолы қимылдаған адам бір үзім нанын адал жолмен табады деп ойлаймын. Арғы аталарым бірнеше тіл меңгерген. Атап айтар болсам, араб, қазақ, татар, орыс, түрік тілдерінде сөйлеген. Ата-анам өз сыныптастарының арасынан жоғары білім алған санаулы адамдардың бірі. Атам 8 жылдық білім алған соң, соғысқа аттанған. Соған қарамастан, елге олралған соң оқуын жалғастырған. Оның туған ағасы 1930 жылдары Алматы қаласында оқып, Мамлютка ауданынан шыққан алғашқы хирург дәрігерге айналды. Соғыс жылдары да майдан даласында дәрігер қызметін атқарған. Біз сөзбен айтқанда, әулетіміздің барлық мүшелері оқыған-тоқыған, өз еңбектерінің арқасында аз да болса табысқа қол жеткізген жандар.

Закиржан Мамлютов: Кез келген қауіпке төтеп беру үшін бірлік керек

- Соңғы уақытта Петропавл қаласының тарихи атауын қайтарып, «Қызылжар» деп өзгертуге байланысты даулы мәселелер жиі туындап жүргенін аңғарамыз. Осы қоғамның белсенді мүшесі ретінде өз ойыңызбен бөліссеңіз?

- Мен бұл мәселе турасында өз ойымды жиі айтып жүрген азаматтардың бірімін. Бұл – қазақтың жері. Сондықтан қазақ халқы ғана жергілікті қала, аудан, ауыл, көшелерін қалай атаса да өздері біледі. Қазақ – келімсек емес, осы жерден шыққан халық. Ал қалған диаспора өкілдерінің барлығы қазақтарға қолдау ғана көрсетуі тиіс. Көбі Қазақстанның қазіргі саясатына қайшы келетін жалқы атауларды ауыстыруға келгенде «ең бірінші халықтың жағдайын жасайық, экономиканы көтерейік» деген пікірлер айтып жатады. Бұл екеуі салыстыруға да келмейтін нәрсе. Кез келген халық өзінің ұлттық, мәдени, тархихи ерекшелігін сақтап қалуы тиіс. Сондықтан, қазақ халқы «Петропавл атауын өзгертейік» деп ұсыныс жасаса, мен құптаймын. Жалпы осы жердің иесінің кез келген шешімін сыйлаймын, келісемін, қолдаймын.

- Соңғы кездер әлеуметтік желідегі парақшаңызда қазақ тілін меңгеруге ден қойып жүргеніңіз аңғарылады. Тіл үйренудегі мақсатыңыз қандай?

- Адам қай мемлекетте тұрса да, кем дегенде ауызекі деңгейде сол елдің тілін білуге міндетті. Қазақстанда тұратын кез келген азамат мемлекеттік тілді білуі шарт. Солтүстік Қазақстан облысында, әсіресе Петропавл қаласында орыстілді орта қалыптасқан. Ал ауылдарға барсаң, қазақ тіліне сұраныс жоғары. Бірақ бұл облыс орталығында тұратын этнос өкілдерін тежемеуі керек. Бәрі жаппай қазақ тілін оқуға күш салуы тиіс. Мен өзім әр сабаққа қуана-қуана барамын. Курста түрлі ұлт өкілдері көп. Қазақ тілін үйрену арқылы маған өзімнің туған тілім - татар тілін меңгеру де жеңілдей түседі. Өйткені, екеуі 80 процентке ұқсас. Қазақтың тілін, музыкасын жақсы көремін. Радио тыңдаймын. Ата-ана, ата-енем қазақ тілін жетік меңгерген. Сондықтан отбасында татар, қазақ тілдерінде сөйлесуге тырысамыз.

- Мемлекеттік тілді үйренуге жағдай жасалған ба? Арнайы тілдік курстарға сұраныс бар ма?

- «Жағдай жасалған» деп сенімді түрде айта алмаймын. Бұл сұрақты қоғамдық кеңестің отырысында да көтердім. Бұл бағытқа бөлінетін қаржы көлемін ұлғайтқан жақсы болар еді. Жылына 4 млн деген сома өте аз. Бұл шашамен 4 адамның ғана жалақысы. Мұғалімдер осындай еңбекақыға жұмыс істеп жүр. Олардың жұмысы өзіме қатты ұнайды. Ал көпшілік жиі айтып жүрген тіл меңгеру бағдарламасына келер болсақ, бұл жерде ешқандай проблема көріп отырған жоқпын. Ең көп дегенде бір жылда өз ойыңды қиналмай жеткізуді үйренуге болады. Тек ниет керек. Курстарға сұраныс бар. Одан нәтиже шығаратындар да, уақытын босқа жоғалтатындар да табылады деп ойлаймын.

- Бүгінгі қоғам өміріндегі басты құндылық не деп ойлайсыз?

- Бұл сауалға бірнеше тұрғыдан жауап беруге болады. Мәселен әлеуметтік желіге үңіліп, қолданушылардың пікіріне назар салсаң, олар үшін басты құндылық – статистер жазатын емес, өздері қалаған көлемдегі еңбекақы, тамақ толы тоңазтқыш, тым болмағанда жылына бір рет теңізге барып демалу, ипотека рәсімдесе де, баспанаға ие болу сынды әдеттегі тілек. Бірақ көпшілігінің ондай мүмкіндігі жоқ. Егер 30 жыл бойы біз дұрыс жолмен жүрсек, бұның барлығы артта қалып, қазіргі қоғамда басқа мәселелер көтеріліп жататын еді. Бірақ олай болмады. Қысақсы, менің ойымша қазіргі қоғам өміріндегі басты құндылық – экономикалық көрсеткіштер. Сондықтан қоғам біріксе, тату-тәтті өмір сүрсе деп ойлаймын. Сырттан, іштен төнетін қауіпке төтеп бере алатындай болуымыз керек.

- Сұхбаттасқаныңызға рахмет!

Өзгелердің жаңалығы