Қызылордада әйелді «ұрып-соқты» деген жалған ақпарат тарады

5 Наурыз 2019, 12:47
2625
Бөлісу:
Қызылордада әйелді «ұрып-соқты» деген жалған ақпарат тарады

Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Алматы қаласының тұрғыны Құрал Сейітханұлы әлеуметтік желіде Қызылорда тұрғынын ұрып-соққаны туралы жазба қалдырған. Қызылорда облысының әкімдігі мен облыстық полиция департаменті бұл қауесетті жоққа шығарып, жалған екенін мәлімдеді.

Әлеуметтік желі қолданушысы Құрал Сейітханұлы өзінің Facebook парақшасына: «Шұғыл. Осы жаңа ғана Қызылорда қаласынан бір жалғызбасты екі баласы бар және үшінші баласына аяғы ауыр әйел хабарласып Қызылорда қаласындағы әкімнің қабылдауына барған кезде әкімнің тапсырмасымен полиция ұстап өзін қамағанын, үстіндегі пальтосын шешіп алып суық жерде бес сағат ұстағанын, онымен қоймай полиция формасындағы әйел келіп аяғының ауырлығына қарамастан бетінен шапалақпен екі рет ұрғанын жылап тұрып айтты. "Әйелдердің бәрін бастап жүрген сен. Тыныш жүрмесең аналық құқыңнан айырамыз, одан әрмен де неше түрлі бәлеге ұшыратамыз" деп қорқытқан құсайды», – деген жазба қалдырған.

Осы жазбаға байланысты көпшілікте екі ұдай пікір қалыптасты. Біреулер қауесетке сенсе, енді біреулері оның шынайылығына күмәнданды.

Сондықтан, аталған жазбаға қатысты Қызылорда облыстық полиция департаментінің басшысы Қайрат Мұхитов пен Қызылорда облысы әкімінің аппараты басшысының орынбасары Серік Шотаев баспасөз мәслихатын өткізіп, мәлімдеме жасады.

Қайрат Мұхитовтың айтуынша, әлеуметтік желіде көтерілген мәселеге байланысты дереу тексеру жұмыстары жүргізілді.

«Алайда мұндай оқиға не облыс әкімдігінде, не болмаса қала әкімдігінде орын алмағандығы анықталды. Жарияланған постқа 20 минут ішінде облыстық ішкі істер департаментінің жауабы берілді. Сонымен қатар таңертеңгілік уақытта да тексеру жұмыстары жүргізіліп, мұндай факт болмағандығы анықталды», – дейді ол.

Брифинг барысында департамент бастығы ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабына сай «Көрнеу жалған ақпарат таратқаны үшін» қылмыстық жауапкершілікке тартылатындығы жөнінде айтып өтті. Осы орайда департамент бастығы аталған бап бойынша жауапқа тартылғандар турасында мысал келтірді.

«Мәселен, 2016 жылдың мамыр айында Алматы тұрғыны әлеуметтік желіге Қытайда иттер төбелесі кезінде ит талаған адамдардың суретін жүктеп, Қызылорда қаласында болған деп көрсеткені үшін жауапқа тартылды. Бұл ақпарат барлықтарыңыздың естеріңізде болар. Осы жағдай бойынша тексеру жұмыстары жүргізіліп, жалған ақпарат таратқан азамат жауапқа тартылды. Ол 1 жыл 5 айға бас бостандығынан айырылды», – деді Қайрат Мұхитов.

Сонымен қатар, Серік Шотаев жергілікті атқарушы билік тұрғындардың талап-тілегін басты назарында ұстайтынын жеткізді.

 

Ибраш Әли
Өзгелердің жаңалығы