Қыздар университетінде «Туған жерге тағзым» жобасы басталды

19 Ақпан 2019, 17:05
2656
Бөлісу:
Қыздар университетінде «Туған жерге тағзым» жобасы басталды

Астана, BAQ.KZ. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Туған жерге тағзым» атты жоба бастау алды. Бұл туралы оқу орнының баспасөз қызметі хабарлады.

Тәрбие және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаментінің ұйымдастыруымен қолға алынған жоба қазақ халқының сан ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи санасын дамыту арқылы ұлттық тұтастықты сақтау, өскелең ұрпақтың бойында ұлтжандылық қасиетті қалыптастыруды көздейді.

Жоба аясында түрлі сала мамандарынан жасақталған экспедиция Алматы облысының аудандарына арнайы сапармен барды.

«Сапар Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы басым бағыттарды жергілікті жерде жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылып отыр. Жоба аясында сала мамандары жергілікті ауыл тұрғындарымен кездесу өткізіп, мектеп оқушыларына түрлі тақырып төңірегінде тағылымды дәрістер өткізді. Қаузалған мәселелер қатарында жас ұрпақ бойында эстетикалық мәдениетті қалыптастыру, адамгершілікке баулу, шешендік өнер, өзін-өзі ұстай білу мәдениеті, мектеп оқушыларының ата-ана мен мұғалім, қоршаған ортаға деген қарым-қатынасын жақсартудың жолдары мен тәсілдері бар. Сондай-ақ оқушылардың өсу процесінде, олардың жас және жеке педагогикалық-психологиялық ерекшеліктеріне қарай қақтығыстың себептері мен салдарларын анықтау және оларды шешудің жолдарына арналған тренингтер де көпшіліктің қызығушылығын тудырды», – деп атап өтті Қыздар университетінің Тәрбие және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаментінің директоры Жаңагүл Сұлтанова.

Қыздар университетінде «Туған жерге тағзым» жобасы басталды


Сонымен қатар, шара аясында Сарқан және Талғар аудандарындағы бірнеше мектепте «Ұмай ана» арнайы кабинеттері ашылды. Онда қыздарға ұлттық тәрбие беруге байланысты тағылымды істер жүзеге асырылмақ.

«Ұмай ана ұғымы ертедегі Ұлы даланы мекендеген түркі тілдес халықтардың ұрпақ жалғастырушы, береке-молшылық тәңірісі деп әспеттеледі. Біз бұған дейін Алматы облысының бірнеше мектебінде «Ұмай ана» кабинетін ашуға ұйытқы болдық. Бұл орталықтар Қыздар университеті мен білім ұяларының өзара байланысын арттырып, қыз балаларға тәлімді тәрбие беру бағытында қызмет атқарады. «Қызды тәрбиелегенің – бір ұрпақты тәрбиелегенің» деген екен ата-бабамыз. Бұл сөздің астарында үлкен мән жатыр. Біз қыз баланы тәрбиелеуде ұлттық тәрбие, ұлттық педагогика негіздерінен алшақтап кеткенбіз. Міне, «Ұмай ана» орталықтары осы олқылықтың орнын толтыруды көздейді», – дейді Ж. Сұлтанова.

 

Өзгелердің жаңалығы