ЮНЕСКО Әл-Фараби мен Шымкент мерейтойларын қолдады

29 Қараша 2019, 02:39
2987
Бөлісу:
ЮНЕСКО Әл-Фараби мен Шымкент мерейтойларын қолдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы Франция астанасы Парижде өткен ЮНЕСКО-ның ХХХХ бас конференциясында белгілі болды, деп сыртқы саясат ведомствосынан хабарлады.

ЮНЕСКО Шығыстың ғұлама ойшылы әрі ғалымы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығын және Шымкент қаласының негізі қалануының 2200 жылдығын келесі жылы атап өтілетін халықаралық мерейтойлар тізіміне енгізу жөнінде арнайы қарар қабылдады. Ұйымға мүше 193 мемлекеттің ортақ шешіміне сәйкес ЮНЕСКО Хатшылығына аталған мерейтойлар аясында өткізілетін іс-шараларға қатысу тапсырылды.

Бас конференцияның пленарлық жиналысында Қазақстанның Франциядағы елшісі әрі ЮНЕСКО жанындағы тұрақты өкілі Жан Ғалиев мүше мемлекеттерге еліміздің ұсыныстарын қолдағандары үшін алғыс білдіріп, оларды аталған мерейтойларға, және қазақтың ұлы ақыны әрі ойшылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай елімізде және шетелде өткізуге жоспарланып отырған іс-шараларға қатысуға шақырды. Жалпы ХХХХ бас конференция бекіткен тізімге 53 мүше мемлекеттің ұсынысы енді, солардың арасында – көне түркі жазуының аса маңызды үлгілерін қамтитын Білге қаған мен Тоңықұқ (Тоңыкөк) ескерткіштері орнатылуының 1300 жылдығына арналған іс-шараларға ЮНЕСКО-ның қатысуы жөнінде түркі тілдес елдер мен Моңғолияның бірлескен ұсынысы да бар, - делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құруды тапсырған болатын.

Айта кетейік, Қазақстан 1992 жылдың 22 мамырынан бастап Біріккен Ұлттардың білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымының (ЮНЕСКО) толыққанды мүшесі болып табылады.



Өзгелердің жаңалығы