Қытайда Қазақстанның сауда үйі ашылады

23 Желтоқсан 2019, 13:39
4954
Бөлісу:
Қытайда Қазақстанның сауда үйі ашылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жаңадан құрылған ведомствоның басшысы – Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов құрылғаннан бері жарты жыл ішінде отандық тауар өндірушілерді қолдауда қандай жұмыс атқарылғаны туралы әңгімелеп берді. Министр Ухань қаласында Қазақстанның сауда үйін ашу туралы уағыдаластыққа қол жеткізгенін айтты.


Еліміз Қытайға экспортты жалпы құны 1,3 млрд долларға жуық 60 позицияға кеңейтуге дайын.
Қытай нарығы да осы тауарларды қабылдауға әзір. Екінші Шанхай импорт көрмесінде 30-дан артық отандық өндірушілердің тауарлары таныстырылды, оның қорытындысы бойынша Қытайға 150 млн. АҚШ долларынан астам сомасына өнім жеткізуге арналған келісімшарттар жасалды. Біз Ухань қаласында Қазақстанның сауда үйін ашу туралы уағыдаластыққа қол жеткіздік. Бұл орталық Қытайда халықтың ең көп қоныстанған қаласы. Одан басқа, қазақстандық өнімге қала дүкендерінде сауда сөрелері бөлінетін болды, - деп мәлімдеді Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов.

Өздеріңізге белгілі, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сауда ведомствосы алдына маңызды стратегиялық міндет қойған болатын. 

Мақсат – 2025 жылға қарай – шикізаттық емес тауарлар мен қызметтер экспорты көлемі бойынша 41 млрд. АҚШ доллары мөлшеріндегі көрсеткішке қол жеткізу.  

Бұл орайда Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте сауда министрі Еуропа, Швейцария мен АҚШ елдеріне Қазақстан 2 млрд доллардан астам жалпы сомасына 263 тауар позициясын ұсынуға әзір екенін айтты.
Біз Ресеймен саудада экспортты құны шамамен 250 млн. $ 87 тауар позициясына, Орталық Азия елдерімен (Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түрікменстан)  0,5 млрд. $-ға жуық 236 өңделген өнімге кеңейтуге дайынбыз. Жалпы алғанда, біз қазір өзіміздің экспорттық жеткізілімді 3 млрд доллардан артық жалпы сомасына ұлғайтуға әзірміз, - деді Сұлтанов. 

Жүргізілген іс-шаралардың нәтижесі бойынша 300 млн. АҚШ долларынан астам сомасына 61 экспорттық келісімшарт жасалған.
Спикердің айтуынша, Қазақстанның Даму Банкінің желісі бойынша 13 экспорттаушы 105,2 млрд. теңге сомасына қолдау тапты.
Өзгелердің жаңалығы