"Ыстықта да, суықта, тазалықты ұмытпа!" – жол шебері

10 Желтоқсан 2024, 07:10
501
Бөлісу:
"Ыстықта да, суықта, тазалықты ұмытпа!" – жол шебері
Фото: "Астана Тазалық" ЖШС баспасөз қызметі

"Тазалық – денсаулық кепілі" дейді халық даналығы. Қаланың тазалығы мен сұлулығы тек қана жасыл желек, зәулім үйлермен өлшенбесе керек-ті. Әсіресе әлем көз тіккен, бүкіл елдің айнасы саналатын елорданың тазалығы маңызды. Осы орайда тазалықтың сақшысы айналып, шаһар көшелерін жазда қоқыстан, қыста қардан тазартып жүрген жол жұмысшыларының шебер маманы, «Астана Тазалық» компаниясының жұмысшысы Жұмабек Нұрлановпен әңгімелескен болатынбыз, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

- Жұмабек Қашымұлы, бұл мамандыққа қалай келгеніңізді айтып беріңізші?

- «Астана Тазалық» компаниясында 2008 жылдан бері жұмыс істеймін. Үш жыл жол жұмысшысы болдым. Одан кейін бригадирге дейін көтерілдім. Бригадир болып 2016 жылдан бастап 6 жыл жұмыс істедім. Үш жылдан бері шебер міндетіне ауыстым. Артқа көз тастасам, жол тазалығында жұмыс істегеніме 18 жылдай болыпты.

- Жұмыс күніңіз қалай өтеді?

- Күнде таңертең 4.30-да тұрамын. Сағат 5-тен 10-15 кеткенде жұмыс орнымда боламын. Жұмысшыларымды күтіп аламын. Оларға қауіпсіздік техникасын ескертемін. Жұмыс күніміз күнделікті таңғы сағат 6-дан басталады. 6-да шықсақ, күндізге 3-ке дейін, 8-де шықсақ, кешкі 5-ке дейін жұмыс істейміз. Екі ауысым бар. Қазіргі уақытта таңғы 7-ден 4-ке дейін жұмыс істеп жүрміз. Қардың түсуіне байланысты жұмыс кестеміз де ауысып тұрады. Кейде сағат 6-дан, кейде 8-ден шығамыз. Ауа райына қарай ыңғайланамыз.

- Жұмыс учаскееңіз қай жерде орналасқан?

- Қошқарбаев көшесі толықтай, одан соң 14 көпірге дейін, Әзірет-Сұлтан мешітінің аумағы, үлкен, кіші тұрақ толығымен, Байтұрсынов көшесі толығымен Садағат Нұрмағамбетов көшесіне дейінгі аумақ. Сол учаскелерге адамдарды бөлеміз.

"Ыстықта да, суықта, тазалықты ұмытпа!" – жол шебері

- Негізгі міндеттеріңіз қандай?

- Негізгі жинайтын жерлеріміз – аялдамалар, көлік кіретін жерлер. Қатты қар жауған кезде автобустарға, көліктерге, адамдарға жүруге кедергі болмас үшін жолдарды, жаяу жүргіншілер өтетін жерді ашамыз. Ең алдымен, аялдамалардың тазалығына да біз жауап береміз. Сосын жолдың бойын жинаймыз. Техника жүретін тротуар, жаяу жүргіншілер жолын трактордың щеткасымен сыпыртқызып, оның дұрыс орындалуын, техникалық қауіпсіздік ережелерінің сақталуын қадағалаймыз. Соның бәрі таңғы 6-дан басталып, кешкі 5-6-ға дейін жалғасатын жұмыс.

- Еңбек адамы ретінде «Таза Қазақстан» акциясы басталғалы қандай іс-шаралар өткізіліп келеді? Соған тоқталсаңыз.

- Көп шаралар өткізіліп жатыр. Таяуда елордамызда ҰҚШҰ саммиті өткенін білесіздер. Соған бір ай бұрын қаланы тазартып, дайындалдық. Тазалықтың бәрі біздің мойнымызда ғой. Көшелердің қарын, қоқысын, Тәуелсіздік сарайының айналасының бәрін тазартып, жинадық. Негізгі берілген көше Нәжімеденов, Аманжолов, Байтұрсынов көшесі, Тәуелсіздік даңғылының бойындағы жолдарды тазарттық.

- Қала тұрғындарының сенбілікке қатысу белсенділігі қалай?

- Бізде жалпықалалық сенбіліктер өтетіні мәлім. Мұндай сенбіліктер кезінде Астана қаласының тұрғындарының белсенділігі өте жақсы. Бізге берілген жұмысты өзіміз істейміз. Қала тұрғындарына өздеріне берілген аумақты жинақтап, тап-тұйнақтай етіп, қоқыс қапшықтарына салып дайындап қояды. Сосын бізге хабарласады. Біз оларды Камаз көлігін жіберіп, алып кетеміз. Әркім өз ауданының қоқыстарын тазалап шығарамыз. Елордалықтар белсенді. Жаздай сенбіліктер, күзге қарай сенбіліктер болады. Сол кезде «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп бәрі жан-жақтан көмектесіп, кірісіп кетеді.

"Ыстықта да, суықта, тазалықты ұмытпа!" – жол шебері

- Жұмысыңыздың қиындығы мен қызығы неде деп айта аласыз?

- Жұмысымды қиын деп айтуға келмейтін шығар. Әбден үйреніп, ысылып алған жұмысыз ғой. Сондықтан өзімізге міндеттелгеннен кейін, жұмыс болғандықтан күнде ерте тұрамыз. Жұмыс орнына жұмысшыларымыздан бұрын келеміз. Дайындаламыз. Жұмысшыларға техникалық қауіпсіздік ережелерін түсіндіреміз. Күнделікті жолдың бойында қалай жұмыс істеу керектігін, техникамен жұмыс істегенде сақтық шараларын қалай сақтау қажеттігін айтудан жалықпаймыз. Қазір Астанада техника өте көп. Жолдың бойымен жұмыс істегендіктен қазір қыстыгүні қар болғандықтан кейде машиналар қысып жібереді. Сол үшін соның бәріне белгілерін қойғызып, сигнал көрсететін жилеткаларын кигізіп, жұмыстың басы-қасында жүреміз. Оған ешқандай кедергі жоқ.

- Бір күнде қанша объекті немесе көшені тазалайсыздар?

- Бір күнде мен өзіме бекітілген Алматы ауданында мысалы, өзімнің жауапты көшем бар. Қалың қар жауған күні шамамыз келгенше техникамыздың жеткеніне байланысты жұмыс істейміз. Ондай күні негізінен аялдамаларды, жаяу жүргіншілер жолын ең алдымен тазартамыз. Адамдардың жүруіне, автобустардың аялдауына кедергі болмас үшін жұмыс істейміз. Одан кейін учаскеміздегі жолды тазартып, жалғастырамыз.

- Сіздің жұмысыңыздағы міндеттерге не кіреді? Бригадаңызда қанша жұмысшы бар?

- Менің бригадамда 20 адам бар. Оның ішінде, кейде ауырып қалатындары, демалысқа шығатындары болады. Сонда күнделікті жұмысқа шығатын адам саны нақты 17-18 жұмысшы деп айтқан дұрыс шығар. Сол адамдарды негізгі техниканың қасына бөлеміз. Бізде қоқыс жәшіктерді босататын 1-2 адамды шығарамыз. Көше үлкен болғандықтан жұмысшылар саны жетіңкіремейді. Бірақ бірігіп істеген соң білінбей қалып жатады. Мешіттің баспалдағын сыпырамыз. Жұма күні міндетті түрде мешіттің аумағына күш жұмылдырамыз, тазалаймыз. Солай шамамыз келгенше бірігіп жұмыстарды аяқтап тастауға, үлгеруге тырысамыз.

- Жұмысқа деген мотивацияны қайдан аласыз?

- Мотивацияны ең бірінші кезекте жұмысшыларымнан алатын шығармын деп ойлаймын. Неше жылдан бері отбасымдай болып кеттік. Үйге барғанда күш-қуатты отбасым, немелерімнен аламын. Шаршап келгенде солардың алдымнан жүгіріп шыққанының өзі бір ғанибет қой!

- Жұмысыңызда басыңыздан өткен қызықты оқиғамен бөлісіп өтіңізші.

- Қызықты оқиғалар өте көп. Оның бәрі есімде қала бермейді. Баяғыда 2008-2009 жылдары жол жұмысшысы болып жүргенде Абылайхан даңғылының бойында істедім. Жұмыс үйден алыс, 6-дан кете жұмыс орныңда болуың керек. Ол кезде қазіргідей көшелер қатты жарықтандырылмаған. Әр жерде ішімдік ішкен адамдар ұйқтап жататын. Таңның азанымен солардан айналып, жүгіріп, жанталасып жұмысқа жететінбіз. Қазір ойлап отырсам, соның бәрі қызық екен. Ол кезде көшені айналып, қашып жүретінбіз. Қазір Астананың жағдайы жақсы ғой. Бүкіл жерде жап-жарық. Бұрынғыға қарағанда ондай ішімдікке мас адамдарды да көре бермейсің. Кейде жұмыскерлердің арасында да көп болып жатады. Мейрамдарда әріптестерімізбен бас қосамыз. Бір-бірімізді құттықтаймыз. Бала-шағамыздың туған күнінде дастархан жайып, бір-бірімізбен сыйластығымызды сақтауға тырысамыз.

"Ыстықта да, суықта, тазалықты ұмытпа!" – жол шебері

- Жұмысыңызда қандай жағдай жасалған? Қандай әлеуметтік пакеттер бар?

- Компанияда бұрынғыға қарағанда жағдай жақсарған. Техниканың түрі болсын, қандай техника керек, бәрі бар. Жұмысшылардың формалары, қыста, жазда киетін киімдері, аяқ киімдеріне дейін беріледі. Оның бәрін уақытымен аламыз. Сондықтан жағдай жақсы, шүкір. Жалақымызға да ешқандай кедергілер жоқ. Биыл екінші жыл, түскі асты да компания тегін береді. Тамақтың бәрі дәмді, ешқандай шағым жоқ. Шай, қантына дейін, бүкіл жабдықты әкеледі.

- Тұрғындарға тазалық сақшысы ретінде не айтар едіңіз?

- Тұрғындарға Астана болғаннан кейін, үлкен қала болғандықтан таза болғаны жақсы. Сол үшін көшеде жүргенде бөтелке, қоқыстарды қоқыс жәшігіне тастап, ұйымшыл, бірлікшіл болып, тазалыққа біріге жұмылайық. Астананы тазалау жалғыз біздің ғана қолымыздан келмейді. Сондықтан бәріміз ел болып, халық болып тазалыққа жұмыла кіріссек, нұр үстіне нұр болар еді.

- Әңгімеңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы