Ыстамбұлда Қазақстанның Түркияға сауда-экономикалық миссиясы өтті

1 Тамыз 2019, 13:02
1887
Бөлісу:
Ыстамбұлда Қазақстанның Түркияға сауда-экономикалық  миссиясы өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Іс-шаралар аясында Түркі сауда-өнеркәсіп палатасы мен Қазақстан-Түркия біріккен палатасының алғашқы отырыстары өткізілді. Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлады. 

Ыстамбұл қаласында Қазақстанның Түркиядағы елшілігі, Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, ҚР «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы және Түркияның сауда палаталары мен биржалар одағының қолдауымен Қазақстанның сауда-экономикалық миссиясы ұйымдастырылды.

Сауда миссиясы барысында Қазақстанның экспорттық және инвестициялық мүмкіндіктері, сондай-ақ елдегі бизнес жүргізу тәртібі, экспорттаушылар мен шетелдік инвесторларға көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары мен жалпы сауда жүргізуді ынталандырудың түрлі құралдары туралы баяндамалар жасалды. 

Іс-шара барысында Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлы Түркия Қазақстанның маңызды стратегиялық әрі басты сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестерінің бірі екенін атап өтті. Екіжақты сауданың 1992 жылғы 30 миллион АҚШ доллары көрсеткішінен бүгінгі таңда 2 миллиард долларға жетіп отырғаны айтылды.

Сонымен қатар, қазақстандық дипломат тәуелсіздік жылдарында Түркия Қазақстан экономикасына 3,8 миллиард доллар шамасында инвестиция құйғанын және қазіргі таңда ел экономикасының түрлі салаларында түрік капиталының қатысуымен 2200-ге жуық кәсіпорын жұмыс істеп жатқанын айтты.

Сауда миссиясы шеңберінде Қазақстан және Түрік кәсіпкерлері арасында В2В форматында екіжақты келіссөздер өткізіліп, соның нәтижесінде бірқатар қазақстандық өнімнің түрік нарығына шығарылуы бойынша келісімдерге қол жеткізілді.

Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия мүше болып табылатын бұл палата мүше мемлекеттердің кәсіпкерлері арасындағы экономикалық байланысты нығайтуды және екі ел арасындағы тауар айналымының өсуін көздейді.

Қазақстан-Түркия біріккен палатасының алғашқы отырысында елші бұл палатаның Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 13 қыркүйекте Анкараға жасаған сапары барысында құрылғанын және екі ел арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және технологиялық ынтымақтастықты ынталандыру және нығайтуды көздейтінін атап өтті.

Сауда миссиясына қазақстандық және түрік компанияларының 150-ден астам өкілдері қатысты. Соның ішінде 30 қазақстандық өңделген өнім экспорттаушысы болды.



Өзгелердің жаңалығы