Шымкенттегі атыс: Полиция істің мән-жайын айтты

30 Қазан 2019, 12:15
2001
Бөлісу:
Шымкенттегі атыс: Полиция істің мән-жайын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шымкентте атыс кезінде 1 адам қаза тауып, 6 адам жарақаттанған. Бұл туралы Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Кеше белгісіз біреулер Арғынбеков көшесіндегі дәмханаға келіп, оқ жаудырған. 

"Оқиға орнын тексеру барысында қылмыс құралы тәркіленді. Қажетті сараптама тағайындалып, ҚР Қылмыстық кодекстің екі бабы 99 және 287 бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қылмыс жасағандардың кім екендері анықталды. Оларды ұстау шаралары  жүргізіліп жатыр. Қылмыстық істің тергеу жұмыстары прокуратура мен полиция департаменті басшылығының жіті назарында", - делінген полиция департаменті баспасөз хабарламасында. 
Хабарланғандай 4 адам қазіргі уақытта Шымкент қаласы №1 клиникалық ауруханасында жатыр. 

"Бізге 4 адам әкелінді. Барлығына ота жасалды. Оның екеуінің жағдайы ауыр, реанимацияда жатыр. Екеуі өздерін жақсы сезінеді. Олар хирургия бөліміне ауыстырылды", - деді Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасында. 
"29 қазан күні сағат 18:50-де 29 жастағы ер адам келіп түсті. Онда бас сүйек-миы зақымданған. Есін біледі. Жағдайы орташа ауыр", - деді Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасында. 
Естеріңізге сала кетейік, Шымкентте атыс болып, 2 адам қаза тауып, 4 адам жарақаттанған деген хабар тараған болатын. Полицияда бұл ақпараттың жалған екенін айтты. Шымкент қаласы полиция департаментінің мәліметінше, атыс кезінде 1 адам қаза тауып, 5 адам зардап шеккен.
Өзгелердің жаңалығы