Якутиядағы өрттің түтіні Павлодарға дейін жетті

7 Тамыз 2021, 15:12
6157
Бөлісу:
Якутиядағы өрттің түтіні Павлодарға дейін жетті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ресейдегі орман өрті салдарынан тараған түтін Павлодар облысына жетті.

Бұл туралы Павлодар облысы ТЖД баспасөз қызметі хабарлады.

Ең бірінші болып Павлодар тұрғындары қалада түтіннің таралғанына шағымданды. 6 тамыз кешке қарай қаланың бір бөлігін қара түтін тұмшалады. Қала тұрғындары бұл туралы әлеуметтік желілерде жаза бастады. Олар жағымсыз химия иісінен пәтер терезесін жауып отыруға мәжбүр екендерін айтты. Сондай-ақ жергілікті тұрғындар қаланың тұман басуын қаладағы зауыттардың шығарындыларымен де байланыстырды. Бұл ретте олар ыстың иісі жоқ екенін де атап өткен. Ал кейбір павлодарлық көпшілік таратып жүрген ақпаратқа сенуді жөн көрген. Олар қалада біреулер химиялық зат сеуіп жатыр деп ойлайды екен.


Осы орайда өңірдің ТЖД баспасөз қызметі мәлімдеме жасап, бұндай түтін тек Павлодарда ғана емес, облыстың басқа аумақтарында да байқалғанын айтты. Айтуынша, оның пайда болуы Ресейдегі орман өрттерімен байланысты.

Ресей Федерациясының аумағында Якутияда орман өртеніп жатқанына екі аптадан асты. Оның көлемі қазір 1,5 млн гектарға жетті. Соның салдарынан біздің облысымыздың кей ауданында, соның ішінде Павлодарда түтін пайда болып отыр, - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Ведомство өкілдері алаңдауға себеп жоқ екенін де айтты.

Экологиялық ахуалдың нашарлау қаупі төніп тұрған жоқ. Жақын арада түтін сейіледі, - делінген хабарламада.

Айта кетейік, Якутияда 1,3 мыңнан астам орман өрті тіркелген. Тілсіз жау 4,2 млн гектар орман алқабын шарпыған. Якутиядағы өрттің түтіні Краснояр өңіріне, Норильскке, сондай-ақ арктикалық ғылыми станцияларға дейін жеткен.

Өзгелердің жаңалығы