Жамбыл облысында ерлі-зайыпты арзан ыдыс-аяқ алып береміз деп 200 адамды алдаған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жамбыл облысында интернет арқылы халықты алдаудың түрлі әдістері қолдаған бірнеше қылмыстық топ анықталды. Ерлі-зайыпты алаяқтар арзан ыдыс-аяқ сатамыз деп 120 миллион теңгеден астам қаржы жымқырса, тағы бір топ жалған несиемен 147 азаматты алдаған.
Жамбыл облысында интернет-алаяқтық фактілері күрт артты. Арзан бағада тауар ұсыну немесе жалған несие рәсімдеу арқылы тұрғындардың сеніміне кірген күдіктілер жүздеген адамды алдап кеткен.
Атап айтқанда, Байзақ ауданында 2025 жылдың қаңтар мен наурыз айлары аралығында ерлі-зайыпты азаматтар WhatsApp мессенджері арқылы нарықтағы бағадан төмен бағада ыдыс-аяқ сатамыз деп хабарландыру таратқан. Олар алаяқтық жолмен 200-ден астам азаматтың 120 миллион теңгеден астам қаражатын иемденген.
Аталған факті бойынша 2025 жылғы 4 сәуірде Байзақ аудандық Полиция бөлімі ҚР ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігі (аса ірі көлемде жасалған алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған. Қазіргі уақытта күдіктілер ұсталып, іс облыстық ПД тергеуінде. Прокуратура істі ерекше бақылауға алды, - деп жазылған Жамбыл облысы прокуратурасының хабарламасында.
Бұған қоса, облыс прокуратурасының үйлестіруімен құрылған "Cyberpol" ведомствоаралық тобының тиімді жұмысының арқасында 2021–2025 жылдар аралығында 300-ден астам интернет-алаяқтық фактісі анықталды. Аталған істер бойынша 12 күдікті ұсталды.
Мәселен, Жамбыл облысының тұрғыны алты сыбайласымен бірге Тараз қаласындағы жалға алынған кеңседе жұмыс істеп, интернет арқылы жалған несие рәсімдеп отырған. Олар 147 азаматтың 101 миллион теңге қаражатын иемденген. Бұл іс бойынша тергеу 2025 жылғы 10 қаңтарда басталып, 30 мамырда сотқа жолданды.
Жалпы, соңғы уақытта өңірде алаяқтықпен күрес шаралары күшейіп, құқық қорғау органдарының қылмыстық істерді анықтау көрсеткіші 383%-ға артқан.
Прокуратура азаматтарды алаяқтардан сақ болуға, өзін банк немесе құқық қорғау органының қызметкері ретінде таныстыратын адамдарға сенбеуге шақырады. Сондай-ақ күмәнді жарнамалар мен инвестициялық жобалардан аулақ болу ұсынылады.
ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды.