Волонтерлер өзен жағасынан 1000 келі тұрмыстық қалдық шығарды

27 Мамыр 2022, 20:00
1197
Бөлісу:
Волонтерлер өзен жағасынан 1000 келі тұрмыстық қалдық шығарды
Фото: автордан

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінің табиғат қорғаушылары мен волонтерлер «Таза су айдындары» акциясын жалғастырып келеді. Экологиялық шара барысында су айдындарының жағалаулары қоқыс пен қараусыз қалған аулардан тазартылады.

Осы жолғы акция облыс орталығындағы Усолка өзенінің аумағында жүргізілді. Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының бөлім басшысы Жасұлан Жұмашевтың айтуынша, халықты қоршаған ортаны тазалықта сақтауға шақыратын шара жаз айлары да жалғасын табады.

Усолка өзені – адамдардың сүйікті демалыс орны. Десе де, тұрғындар арасында экологиялық мәдениет жоқ. Алдын алу, түрлі тазалық акцияларын өткземіз. Бұған қарамастан, жыл сайынғы жайдай өзгерер емес. Біз бүгін өзеннің сегіз шақырымдық жағажайын қоқыстан тазарттық. Тұрмыстық қалдықтар үйіліп жатыр. Табиғатқа зиян келтіретін қатты қоқыс көп жатыр. Өзен бойынан әккі балықшылардан қалған ауларды да таптық. 500 метрлік қытайлық ауды тауып алдық, енді жою қажет, - дейді Жасұлан Жұмашев. 

Халықтық шараға Зайсан-Ертіс бассейндік инспекциясының мамандары мен «Жасыл ел» отрядтарының мүшелері атсалысуда.

Айта кетейік, өткен жылы Ертістің негізгі арнасына жататын орындардан сегіз тоннадан астам қоқыс жиналды. Маманедардың мәліметінше, облыс аймағында 260-тан астам су айдыны бар. Оның ішіндегі 50-ден астам су айдыны табиғат пайдаланушылардың жауапкершілігінде. Оларға өз аумақтарын тазалықта ұстау міндеттеледі. 

Өзгелердің жаңалығы