Вокзал, спорт кешені және «Кітап оқитын ұлт» жобасын жүзеге асыру: өткен аптада Қазақстан өңірлерінде қандай нысандар іске қосылды

Өңірлерде жаңа нысандар ашылды: вокзал жаңғыртылып, спорт кешені мен Мәдениет үйі іске қосылды

 Үкімет / телеграмм каналы 17 Тамыз 2026, 08:13
17 Тамыз 2026, 08:13
155
Фото: Үкімет / телеграмм каналы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау аясында ел өңірлерінде инфрақұрылымды дамыту және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. 

Атап айтқанда, жаңа әлеуметтік және көлік нысандары пайдалануға берілді. Төменде өткен аптада іске қосылған негізгі жобалар берілген:

Көлік инфрақұрылымын жаңарту. Түркістан облысында ғасырлық тарихы бар «Түлкібас» теміржол вокзалының реконструкциясы аяқталды. Кешен тәулігіне шамамен 200 жолаушыға қызмет көрсетуге есептелген. Күту залының сыйымдылығы екі есеге артып, 90 орынға жетті. Ғимаратта мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін кедергісіз орта қалыптастырылған. Мұнда кассалар, анықтама бюросы, тамақтану орындары, ана мен бала бөлмесі жұмыс істейді.

«Ауыл – Ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында Жамбыл облысының Нұрлыкент ауылында әмбебап залы мен заманауи спорттық құрал-жабдықтары бар жаңа спорт кешені ашылды. Жалпы өңірде 2 465 спорт нысаны жұмыс істейді. Өткен жылы 10 спорт кешені пайдалануға берілсе, биыл тағы 12 кешеннің құрылысын аяқтау жоспарлануда.

Алматы облысының Жібек жолы ауылында құны 658 млн теңге болатын 200 орындық Мәдениет үйі ашылды. Аумағы 5 гектарды құрайтын кешен сахна, көрермендер залы және шығармашылық үйірмелерге арналған кабинеттермен жабдықталған. Нысан базасында ұлттық өнер үйірмелері, «Шежіре» ақындар орталығы және аға буын ансамблі жұмысын бастады.

Президенттің «Кітап оқитын ұлт» жобасын жүзеге асыру жөніндегі тапсырмалары аясында Алматыда қалалық кітапханалардың кітап беру пункттері ашыла бастады. Алғашқы пункт Жетісу ауданындағы сауда орталығында ашылып, 2 мыңнан астам кітап қоры жинақталды. Бұл кітапхана қызметтерін қала тұрғындары үшін қолжетімді ете түсті.

Наверх