Владимир Толоконников: Бірліктен асқан құндылық жоқ

14 Сәуір 2023, 14:37
1255
Бөлісу:
Владимир Толоконников: Бірліктен асқан құндылық жоқ
Фото: автордан

Қазақстандағы өзге ұлт өкілдерінің үлес салмағына көз жіберсек, ең басым ұлт – орыс этносы. 

Мұндай көрсеткіш елдегі мәдени-рухани, саяси-қоғамдық өзгеріске тікелей әсер ететіні анық. Ұлтаралық байланыс, сыртқы саясаттағы ұстанымға да бұл фактордың ықпал ететін жасырын емес. Осы орайда BAQ.KZ-тің Қызылорда облысындағы тілшісі «Қазақстандағы орыс қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің Қызылорда филиалының төрағасы Владимир Толоконников тілдесіп, аталған тақырыпқа қатысты пікірін білген еді.

– Владимир Петрович, өзге ұлт өкілдерінің Қазақстанға келу тарихы әрқилы. Бұл тақырыпта сіздің әулеттегі естелік баяны қалай өрбиді?

– Қазақ халқы қиын-қыстау кезеңде өзге ұлт өкілдерін жатсынбай қабылдап, қолтықтан демегенін білеміз. Барын алдына тосып, тарыққанға жәрдем етті. Менің ата-әжем де осындай ізгікке куә болған жандар. Олар Ташкентте дүниеге келіп, сол жақта өмір сүрген. Орталық Азияны аштық жайлаған зұлмат заманда Қазақстанға, соның ішінде Сыр өңіріне табан тіреген екен. Уақыт өте жергілікті халықтың мейірімін арқасында аяққа тұрып, қоғамның бір бөлшегіне айнала білді. Сондықтан біз әулеттегі Қызылорда қаласында өмір сүріп жатқан үшінші буынбыз десек болады.

– Соңғы жылдары ұлтаралық мәселе қоғам назарын аударуда. Әсіресе, кей сыртқы саяси-әлеуметтік шешімдер жағдайды күрделендіре түскені жасырын емес. Осы орайда өзге ұлт өкіліне деген бүгінгі қоғамдық сана туралы ойыңызбен бөліссеңіз...

– Аталған тақырыптағы әлемдік жаңалықтарды жиі бақылап отырамын. ТМД елдеріндегі ахуалға да қанықпын. Десе де Қазақстандағы таным-түсінік өткен ғасырдағы көзқарастан айныды деп айта алмас едім. Себебі қазақ ұғымындағы толеранттық, жаһандану үрдісін сезіну жайы, өзге ұлттармен қатынастағы ұзақ жылғы тәжірибе мәселеге байсалды қарауға септесуде. Аталған ұғымдар жай сөз емес, қазақтың өмір пәлсапасына айналған. Содан болар, соңғы уақытта қоғамдағы оң өзгерісті байқаймыз. Өзге ұлт өкілдері мәдениет, спорт, саясат, кәсіпкерлік саласында танылып, елдамуына ықпал етіп келеді. 

Әркім таңдау жасауға құқылы. Ескі замандағыдай басыбайлы бір өңірге байланған адам жоқ. Егер өзге ұлт өкілі Қазақстанда өзін жайсыз сезінсе, қолдау таба алсамса, қалаған елге көшуге мүмкіндігі бар. Елдегі өзге ұлт өкілдерінің саны мен сапасына мән берсек бізде ондай мәселе жоқ секілді. Оның үстіне, елдің экономикалық-әлеуметтік дамуы көптеген көрші елге қарағанда көш ілгері тұр. Балалардың болашағын ойлау, келешекке жоспар құру, қауіпсіз өмірді қамтамасыз ету тұрғысынан алғанда Қазақстаннан артығын таппасымыз анық. Мен де ата-бабама қорған болып, өзіме көптеген мүмкіндік есігін ашқан туған елімнен ешқайда кеткім келмейді. Саналы ғұмырым Сыр өңірінде бақыт тапты, жастық шағым қазақ достармен қатар өтті. Яғни, тамырым Қазақстанға байлаулы. Менің осындай пікірде болуым қоғамның өзге ұлт өкілдеріне деген көзқарасы өзгермегенінің кепіліндей.

– Қазақ халқына деген ықыласыңызды байқадық. Мұндай мейірлі сөз, қазақ халқына алғыс айту барлық өзге ұлт өкіліне тән деп ойлайсыз? Сонымен қатар «Алғыс айту» күнін өзге ұлт өкілінің қазақ халқына алғыс айту датасы деп қабылдау қаншалықты орынды?

– Бұл сауалға біржақты жауап беру орынсыз болар. Дегенмен өз ұстанымымды ортаға салайын. Бүгінде төңірегіне түрлі ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына біріктіре білген Қазақстан моделі әлемге үлгі. Оның ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы, билік жүйесінде өзге ұлт өкілдерінің болуы ұтымды көзқарас. Сондықтан осындай мүмкіндік берген халыққа неге алғыс айтпасқа!?.

Оған қоса тарихтан сабақ алып, неліктен алғыс айту қажетін ұғынған жөн. Елімізде 130-дан астам ұлт өкілі тату-тәтті өмір сүруде. Мұның барлығы дархан пейіл қазақ халқының мейірімінің нәтижесінде қол жеткен көрсеткіш. Зұлмат заманда өзге ұлт өкілдері Қазақстанға жер аударылып, қиын-қыстау кезеңді басынан кешірді. Аш-жалаңаш, баспанасыз жұртты қазақ азаматтарды бауырына басып, бүтін нанын бөліп бергені бәрінің есінде. Төрін ұсынып, кемдік көрмей өмір сүруіне көмек көрсетті. Сондықтан ұлт өкілдерінің қазақ халқына алғыс айтуы орынды. Бұл бір күндік науқан емес, үнемі ойда жүруі керек. 

Алайда алғыстың маңызды бөлігі сөз емес. Ол – іс-әрекет. Яғни, қазақтың даладай дархан пейіліне іспен де жауап беру маңызды. Ол үшін қазақ тілі мен мәдениетін сыйлау, жасаған жақсылығына қайырымдылықпен жауап қайтару керек. Сонымен қатар қазақтың әдет-ғұрпын танымына сіңіріп, ұстана білу ең қайырымды жақсылық болмақ.

– Өкінішке қарай, барлық өзге ұлт өкілі мұндай пікірде дегенге сену қиындау секілді. Есіңізде болса, жуырда ғана Петропавлдағы сепаратистердің әрекеті қоғамды шулатқан болатын. Бұл өзге ұлт өкілдеріне үрке қарауға әкеледі деп ойламайсыз ба?

– Петропавлдағы сепаратистердің ұсынысын естідім. Олар лайықты жазасын алуы керек. Бұл – орынсыз әрі заңсыз жасалған әрекет. Қазақстанда тұрып ресми билікке, халықтың құнды ұғымдарына қарсы шығу қылмыспен тең. Себебі, Қазақстан – ортақ Отанымыз. Осында тамыр жайып, білім алдық. Жан-жақты дамуға, ортақ игілікті сезінуге мүмкіндік туды. Оның үстіне Қазақстанда барлық халықтарға тең мүмкіндік қарастырылған. Олардың тілі, тарихы, әдебиеті, мәдениетін сақтауына еш шектеу жоқ. Демек, мұндай еркін қоғамда орынсыз талап қою артық екені даусыз. Бірліктен асқан құндылық жоқ екенін есте сақтап, бөлінбеуге тырысып, барлық жақсылықты халықпен бірге көруге ұмтылған жөн.

Солтүстік өңірлерде ұлтаралық, географиялық мәселелер туындаған сайын қоғамдағы кей азаматтың орыс ұлтына үрке қарауын байқаймыз. Сіздің пікіріңізше, Қазақстанда русофобия бар ма?

– Мұндай сауал алғаш қойылып тұрған жоқ. Сондықтан орыс ұлтының өкілі және бала кезімнен Қазақстанда тұратын азамат есебінде қоғамдағы ұстанымды айтайын. Қазақстанда ешқандай русофобия жоқ. Елді мекен, қала халқы болсын, орыс ұлтына деген қарсы пікірде емес. Ұзақ жыл бойы мәдени-рухани байланыстың нәтижесінде қос мемлекет тату-тәтті ғұмыр кешуде. Әр елдің сыртқы-ішкі аясаты әрқилы болғаны өзгесіне әсер етпейтінін және орыс ұлтына қарсы көзқарас болуға негіз жоқ екенін білсек деймін.

Жоғарыда айтып өткенімдей, 130 ұлт өкілі бір шаңырақтың астында тату-тәтті күн кешіп жатыр. Саяси-мәдени өмірге де белсенді түрде қатысуда. Мәселен, Арыста болған қайғылы оқиғада, Түркия мемлекетінде болған апаттық жағдайда да қазақстандық өзге ұлт өкілдері бірігіп, жәрдем жасады. Сондықтан русофобия жалпықоғамдық сипат алған жоқ деп айтуға толық негіз бар.

– Сөзіңізде Қазақстан халқы Ассамблеясын айтып қалдыңыз. Сіз үшін Ассамблеяның маңызы қандай?

– Әлі күнге есімде, 1995 жылы ұлтаралық татулық пен тұрақтылықтың феноменіне айналған еліміз тың бастаманы қолға алды. Нәтижесінде Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылып, қуаныш еселенді. Мұндай саяси құрылым бұрын-соңды әлемдік тәжірибеде болмағанын айта кеткен жөн. Ассамблеяның жұмысының нәтижесінде этносаралық, конфессияаралық келісімді сақтауға жол ашылды. Сонымен қатар әр тарапта тарыдай шашылған этномәдени, қоғамдық бірлестіктер бір шаңырақ астына бірігіп, Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауына ие болды. Бұл қоғамдағы келісімді нығайтуға, бірлестіктердің жұмысын жүйелеуге мүмкіндік бергенін айта кеткен жөн.

Тағы айта кетерлігі, өзге ұлт өкілдеріне Ассамблея көп мүмкіндік берді. Мәселен, саяси-рухани маңызды шараларға үлес қосу, Ассамблеяның ортақ жоспарын орындау секілді артықшылықтар болды. Оған қоса әр өңірдегі өзге ұлт өкілдері бір-бірімен байланыс орнатып, тәжірибе алмасуды да жолға қойған. негізі, зиялы қауым ортақ іске жұмылғанда өзіңнің де қуатың артып, ойың тазарады. Сол себепті, Ассамблея мүшесі болу – зиялы тұлға болуға жасалған әрекет.

– «Қазақстандағы орыс қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалын басқарады екенсіз. Бірлестік туралы айтып өтсеңіз...

– Бұл қоғамдық бірлестік меңің өмірімде шешуші рөл атқарады. Олай дейтінім, орыс ұлтның өкілі ретінде екі елдіңмәдени, рухани, әлеуметтік байланысқа үлес қосу парызыма айналды. Сол себепті «Қазақстандағы орыс қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалына басшы болдым. Жалп бірлестік республика бойынша белсенді жұмыс істейді. Орыс тілінде газет-журналдар шығарып, рухани насихат жүргізеді. Табанды жұмыстың нәтижесінде Алматы қаласындағы Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры, Нұр-Сұлтандағы М.Горький атындағы орыс драма театры, Талдықорған, Көкшетау, Қостанай, Шымкент қалаларындағы орыс театрлары бар құрылды. Этномәдени орталықтар жанында жексенбілік мектептер, вокалды және хореографиялық ансамбльдер жұмыс істейді. Мұның барлығы бірлестік маңызын арттырары сөзсіз.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Өзгелердің жаңалығы