Вирджиния штатында жолаушылар автобусы мен бірнеше көлік қатысқан ірі жол апатынан кемінде бес адам қаза тауып, тағы 44 адам жарақат алды.
ABC News телеарнасының хабарлауынша, жол апаты Вашингтоннан шамамен 70 шақырым оңтүстікте орналасқан Стаффорд округінде, I-95 мемлекетаралық тасжолында болған. Полиция мәліметіне сәйкес, автобус жүргізушісі жол жөндеу жұмыстарына байланысты жылдамдықты азайту туралы белгілерді елемей, жол талғамайтын көлікке соғылған. Осыдан кейін тағы бірнеше автокөлікпен қақтығысқан.
Соққыдан кейін көліктердің бірі өртеніп кеткен. Қаза тапқандар арасында Массачусетс штатынан шыққан төрт адамнан тұратын отбасы бар: 45 жастағы ер адам, 44 жастағы әйел, 13 жастағы қыз және 7 жастағы ұл. Сондай-ақ жол талғамайтын көлікте болған 25 жастағы әйел де көз жұмған.
Зардап шеккендер ауруханаға жеткізілді. Олардың үшеуінің жағдайы ауыр деп бағаланып отыр. Автобус Нью-Йорк қаласынан Шарлотт қаласына бағыт алған және ішінде шамамен 34 жолаушы болған. Автобус жүргізушісі де жарақат алған.
Оқиға бойынша тергеу басталды. Іске АҚШ-тың Көлік қауіпсіздігі жөніндегі ұлттық кеңесі (NTSB) де қосылған.