Алматыда АИТВ жұқтырған ер адам зорлау ісі бойынша бес жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ қалалық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сот мәліметінше, сотталушы Ш.-ға қатысты жеңілдететін де, ауырлататын да мән-жайлар анықталмаған. Ол тағылған айыптар бойынша кінәлі деп танылды.
ҚР ҚК-нің 118-бабы 1-бөлігі (басқа адамды ВИЧ жұқтыру қаупіне қасақана ұшырату) бойынша, бұл қылмыс қылмыстық теріс қылық санатына жататындықтан және мерзімі өтуіне байланысты Ш. жауапкершіліктен босатылды. Ал ҚК-нің 120-бабы 1-бөлігі (жәбірленушінің дәрменсіз күйін пайдаланып зорлау) бойынша оған бес жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, – делінген хабарламада.
Іс Медеу аудандық №2 сотында қаралған.
Сотта 2025 жылдың наурыз айында Ш. әріптесі А.-ны психофизиологиялық жағдайына әсер ететін белгісіз затты қолдануға көндіріп, оны дәрменсіз күйге түсіргені анықталған. Осы жағдайды пайдаланып, жәбірленушінің еркінен тыс жыныстық қатынасқа түскен.
Сондай-ақ, сотталушы өзінің АИТВ инфекциясын жұқтырғанын біле тұра, жәбірленушімен жыныстық қатынасқа түсу арқылы оған әдейі жұқтырмақ болған. Оның кінәсі жәбірленушінің айғақтары, сондай-ақ бейнежазба арқылы дәлелденген.
Сотта Ш. өз кінәсін мойындамаған. Жәбірленуші оны бас бостандығынан айыруды сұраған. Ал прокурор қылмыстар жиынтығы бойынша 5 жыл 4 ай жаза тағайындауды ұсынған.