Вице-министр: Бала ерте скрингтен өтсе, аурудың алдын алуға болады

29 Желтоқсан 2020, 21:41
1512
Бөлісу:
Вице-министр: Бала ерте скрингтен өтсе, аурудың алдын алуға болады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғинияттың төрағалығымен Қазақстан Республикасының 2021-2023 жылдарға арналған мүмкіндігі шектеулі балаларға кешенді көмек көрсетуді жетілдіру жөніндегі жол картасын іске асыру бойынша кіші жұмыс тобының отырысы өтті.

Отырысқа Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин, республикалық ғылыми орталықтардың, өңірлердегі денсаулық сақтау басқармаларының өкілдері қатысты.

Бала ерте скрингтен өтсе аурудың алдын алуға болады, кішкентайлар арасында мүгедектік азаяды және балаларға өз потенциалын іске асыруға көмектесеміз,- деді А.Ғиният.

2018 жылдан бастап республикада аудиологиялық, психофизикалық және офтальмологиялық скринингтер бекітіліп, енгізілді, сондай-ақ мүгедектердің өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі Ұлттық жоспар және ҚР-дағы мүгедектердің экономикалық жағдайын жақсарту жөніндегі жоспар қабылданды.

Бала денсаулығын қорғаудың басымдығы мен балалар ауруының алдын алу, емдеуге жан-жақты көзқарасты қамтамасыз етудің өзектілігін ескере отырып, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2020 жылғы 17 тамыздағы №112 Өкімімен Қазақстан Республикасында мүмкіндігі шектеулі балаларға кешенді көмек көрсетуді жетілдіру жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған Жол картасы бекітілді. Жол картасында скринингті жетілдіру, оның ішінде жаңа туған нәрестелерді ТҚА-ға селективті генетикалық скринингті енгізу жөніндегі іс-шаралар көзделген. Бұл туа біткен ауруларды дер кезінде анықтауға, ерте араласу бойынша іс-шаралар жүргізуге және балалардың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді, - деді А.Ғиният.

Отырыс барысында ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин, «Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы» АҚ Басқарма Төрайымы Риза Боранбаева, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық генетика бойынша штаттан тыс бас маманы Гүлнара Святова, сурдолог, С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің «Ақсай» университеттік клиникасының бас маманы Римма Суатбаева баяндама жасады. Отырысқа қатысушылар бұйрықтарға және өңірлердегі Жол картасына сәйкес скринингтердің орындалуын, проблемалар мен оларды шешу жолдарын талқылады.

Бүлдіршіндерге патронаждық қызмет көрсетудің әмбебап прогрессивті моделін іске асыруды жетілдіру мақсатында жергілікті атқарушы органдарға учаскелерге патронаждық медбике алу, учаскелік дәрігерлерді оқыту тапсырылды. Министрлік 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап дәрігерлердің орташа жалақысын 30% және орта медицина қызметкерлердің, оның ішінде МСАК патронаждық медбикелердің еңбекақысын 20% арттыру жоспарланған.

Кіші жұмыс тобының отырысы келесі жылы жалғасады.

Өзгелердің жаңалығы