Ветеринарлар неге тапшы?

25 Мамыр 2023, 17:00
767
Бөлісу:
Ветеринарлар неге тапшы?
Фото: BAQ.KZ

Өңірдің елді мекендерінде ветеринар мамандар жетіспейді, деп хабарлайды Ақмола облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы облыстық мәслихатта аграрлық мәселелер және индустриялық-инновациялық даму жөніндегі тұрақты комиссияның отырысында мәлім болды.

Өңірдің санитарлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ветеринария басқармасының жұмысы қаралды. Ветеринария басқармасының басшысы Талғат Жүнісов ведомствоның 2022 жылғы қызметінің қорытындылары туралы баяндап, проблемалық мәселелерді алға тартты.

Мекеме ветеринария саласындағы қызметті лицензиялаумен, сондай-ақ ветеринариялық паспорттар мен анықтамалар берумен айналысады.

Облыстық, аудандық және қалалық ветеринариялық станцияларда 662 маман жұмыс істейді, 56 маман жетіспейді.

Өткен жылы ветеринария саласына 2,8 млрд теңге бөлінсе, биыл 2,1 млрд теңге бағытталды. Эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізуге қосымша 400 миллионнан астам қаражат қажет. Облыстық бюджет қаражаты есебінен жоспарлы вакцинация, диагностикалық зерттеулер, ауыл шаруашылығы жануарларының жас жануарларын сәйкестендіру, адам денсаулығына қауіп төндіретін ауру жануарларды союды ұйымдастыру секілді жұмыстарды жүргізу қажет, – деп атап өтті Талғат Тоқбайұлы.

Қаржыландырудың өсуі қызметкерлердің жалақысын арттыруға және материалдық-техникалық базаны жақсартуға мүмкіндік берді.

Білім басқармасы басшысының орынбасары Валерий Гамазов ветеринария саласындағы мамандарды Қатаркөл ауыл шаруашылығы колледжі даярлап жатқанын атап өтті.

Жасырары жоқ, қазіргі уақытта ветеринар жастар арасында беделді мамандық болып саналмайды. Қазір колледжде 121 студент оқиды. Соңғы үш жылда 160 түлектің 140-қа жуығы жұмысқа орналастырылды. Айта кету керек, түлектердің барлығы бірдей Ақмола облысында жұмыс істемейді, студенттердің бір бөлігі СҚО-да кәсіби қызметті бастауды жоспарлап отыр, - деп түсіндірді Валерий Гамазов.

Ветеринариялық қызмет жұмысының басым бағыттарының бірі эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау болып қала береді. Мәселен, 2022 жылы бруцеллезге және басқа да аса қауіпті ауруларға 1,3 млн бас ауыл шаруашылығы жануарлары зерттелді. Аусылға қарсы 1,4 млн бас ірі қара мал және сонша ірі қара мал, 92 мыңнан астам шошқа егілді. Бруцеллезге ірі қара қанының 586 мыңнан астам сынамасы зерттелді.

Алайда, бруцеллезбен сырқаттанушылықтың жалпы төмендеуіне қарамастан, көрсеткіштер Атбасар, Ақкөл, Астрахан, Біржан сал, Целиноград, Ерейментау, Жарқайың, Қорғалжын және Бұланды аудандарында, сондай-ақ Степногорск қаласында орташа көрсеткіштен бірнеше есе асып түсті. Жануарлар союға тапсырылды, аулаларды дезинфекциялау жүргізілді, - деп нақтылады басқарма басшысы.

Комиссия мүшесі Тимур Пішенов қауіпті аурулардың алдын алу үшін карантиндік аймақтардан мал әкелуді және оның қозғалысын қатаң бақылауға алу керектігін, ал барлық аудандарда мал қорымдарының орнына ауру жануарлардың мәйіттерін өртеу үшін крематорлар жасаған жөн екенін алға тартты. Өйткені жануарларды көму жұмыстары әрдайым дұрыс жүргізілмейді және инфекцияның өршуіне әкелуі мүмкін.

2022 жылдың көктемінде «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңның қолданысқа енуіне байланысты қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою тоқтатылды. Облыстың бас ветеринарының айтуынша, бұл қаңғыбас жануарлар санының көбеюіне әкелді.

Статистикаға сәйкес, егер 2021 жылы жануарлардан 1 617 ақмолалық зардап шеккен болса, оның 596-ы қаңғыбас жануарлар. 2022 жылы шабуылдардың саны 1 696-ға жетті, - дейді бас ветеринар.

Заң бойынша қаңғыбас жануарлардың санын реттеу адамгершілік әдістермен жүзеге асырылады, кез-келген тәсілмен, соның ішінде улап өлтіруге тыйым салынады. Қараусыз қалған ит-мысықтар ауланғаннан кейін уақытша ұстау пункттеріне немесе зарарсыздандыру, вакцинациялау және чиптеу жүргізілетін баспаналарға түсуі керек. Бұл мақсатқа өңірде 96,5 млн теңге қарастырылған. Қазіргі уақытта жануарларды аулаумен мемлекеттік сатып алу байқауында жеңіске жеткен «Қазқұрылыс» ЖШС айналысады.

Қаңғыбас ит-мысықтардың барлығының дерлік иелері болған. Кейде немқұрайлы адамдар үй жануарларын ұстау және серуендеу ережелерін сақтамайды. Көбінесе оларды қасақана көшеге лақтырып, елді мекендерден тыс жерлерге шығарады. Мұндай жағдайда жануарлардың иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылуы тиіс, - деп атап өтті басқарма басшысы Талғат Жүнісов.

Басқарма мамандары «Дизайн-Сити» компаниясымен бірлесіп жануарларды уақытша ұстау пунктінің жобасын әзірледі. Олардың есептеуінше, бірнеше аудандағы мұндай пункттердің құны толыққанды баспана салу мен ұстауға қарағанда арзанырақ болады.

АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық инспекциясының басшысы Манат Әбдірахманов облыстық ветеринариялық қызмет басшысының жергілікті деңгейде ғана емес, мемлекеттік деңгейде шешуді талап ететін мәселелерін растады.

Комиссия мүшелері малды вакцинациялау, ауру малды өңдеуге қабылдау мәселелерін талқылады. Мамандар ақбөкендер санының артуына да алаңдаушылық білдірді. Жалпы, депутаттардың пікірінше, барлық айтылған мәселелерді шешуге жүйелі көзқарас қажет.

Ветеринария басқармасының ұжымына бөлінген қаражатты игере отырып, биылғы жылдың 25 қарашасына дейін жоспарланған іс-шаралардың жылдық көлемін аяқтауға, ауылдық округ әкімдерімен және полиция қызметімен қаңғыбас жануарларды қысқарту бойынша бірлескен жұмыс жүргізуге, сондай-ақ бруцеллез жұқтырған жануарларды уақтылы анықтау және жоюды қамтамасыз ету ұсынылды.

Ірі қараның індетке шалдығуы мал шаруашылығының дамуына ғана емес, азаматтардың денсаулығына да қауіп төндіреді. Ветеринариялық қызметтің тұрақты жұмысы – бұл облыстың ғана емес, бүкіл елдің азық-түлік қауіпсіздігінің негізі. Сондықтан айтылған мәселелердің шешілуін бақылауда ұстайтын боламыз, - деп түйіндеді комиссия төрағасы Саят Сыздықов.

Өзгелердің жаңалығы