Ветеринария саласындағы проблемалар қалай шешіледі?

3 Желтоқсан 2021, 11:45
2051
Бөлісу:
Ветеринария саласындағы проблемалар қалай шешіледі?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенатта өткен парламенттік тыңдауда Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев ветеринария саласындағы проблемалар қалай шешілетінін айтты.

Министр атағандай, мал шаруашылығында ерекше маңызды міндет – ол ауыспалы егістегі мал азығы дақылдарының үлесін көтеріп, тозған жайылымдарды қалпына келтіріп, жаңа жайылымдарды суландыру арқылы мал азығының мөлшерін ғылыми негізделген нормаларға дейін жеткізу арқылы оның берік қорын қалыптастыру.

Жеке шаруашылықтағы мал басын жайылымдармен қамтамасыз етуді біз оларды кооперациялау және осындай кооперативтерге жер алқаптарын беру және оларға мемлекет тарапынан қолдау көрсету арқылы түбегейлі шешеміз. Осы орайда «Жеке қосалқы шаруашылық туралы» заң жобасын әзірледік, және ол жуық арада Парламентке жіберіледі, - деді Ербол Қарашөкеев.

Сонымен қатар министр ветеринария саласындағы проблемалар қалай шешілетініне тоқталды.

Ветеринария саласының проблемаларын шешудің жолын біз ветеринариялық қызметтер нарығын дамыту, мал дәрігерлерінің жалақысын көтеру, орталық және жергілікті атқарушы органдардың ветеринариялық қызметтері арасындағы өкілеттіктердің аражігін нақты ажыратудан көріп отырмыз. Әсіресе, цифрландыруға ерекше көңіл бөлдік. Бұған қажетті қаражат бөлінді. Қазіргі уақытта мобильдік қосымшасы бар «Мал дерек» бағдарламалық өнімі әзірленуде, - деп айтты Ауыл шаруашылығы министрі Сенатта.

Айтуынша, ол ветеринариялық құжаттаманың негізгі бөлігін цифрлық форматқа ауыстыра отырып, мамандарды қағазбастылықтан босатуға және жануарларды есепке алудың бүкіл процесін автоматтандыруға, эпизоотиялық ахуалды және мал өнімдерінің қауіпсіздігін қадағалауға мүмкіндік береді.

Осы бағдарламалық өнімнің бірінші нұсқасы биылдың соңына дейін әзірленеді және келесі жылы ол пилоттық режимде бір ауданның базасында сынақтан өтеді деп күтіліп отыр. Содан кейін тағы да бір рет пысықталып, бүкіл республика көлемінде қолданысқа енгізіледі, - деп айтты Ербол Қарашөкеев.

Өзгелердің жаңалығы