Ветеринар ғалымдар депутаттарға Үндеу жасады

28 Наурыз 2019, 11:05
2741
Бөлісу:
Ветеринар ғалымдар депутаттарға Үндеу жасады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Отандық ветеринар ғалымдар депутаттара үндеу жасады. Олардың айтуына қарағанда, елімізде ветеринария саласына грант аз бөлінеді. 

Депутаттардың назарына!

Үндеу

Бізді ауыл шаруашылығы саласында жоғары білікті кадрларды, әсіресе, ветеринарлық дәрігер-практиктерді даярлау мәселесі толғандырады. Бүгінгі таңда ауылда мал дәрігерлерінің кадрлық тапшылығы қатты сезіледі. Бүгінде 4 ауылға 1 ветеринарлық дәрігерден келетіні белгілі. Ауыл тұрғындары мен ақсақалдары өздері "Мал дәрігері Жасұлан зейнетке шықса, біздің сиырымызды кім емдейді?", - дейді.

Сондай-ақ, аймақта эпизоотиялық жағдайды нашарлату үшін бірнеше жұқпалы ауру жеткілікті. Бұл – толғандыратын мәселе. Жоғары білікті мамандардың жетіспеушілігінің бірден-бір себебі - оқуға бөлінген мемлекеттік гранттардың саны. Осы тұста бір студентке бөлінген грант сомасы 349 мың теңгені құрайды, бұл қаражат көлемі  мың доллардан аз.

Осы жерде мардымсыз қаражатқа қалай сапалы кадрлар даярлауға болады деген сұрақ туындайды. Халықаралық стандартқа сәйкес бәсекеге қабілетті, мамандарды даярлау мүмкін болмақ? Оны былай қойғанда студенттерді практикалық оқыту мәселелері жайында қалай сөз қозғай аламыз? Осындай аз қаражатпен ветеринариялық кадрларды дайындайтын қазақстандық ЖОО-лар өлместің күнін кешуде.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті ұсынған әлеуметтік бастамалардың бірі техникалық және ауылшаруашылық мамандықтары бойынша барлық жоғары оқу орындарында гранттар құнын арттыруға бағыт беріліп, басымдық көрсетілді. Бұл жаңалық сала мамандары мен ауылшаруашылығы мамандарын даярлайтын білім ошақтарына үлкен үміт сыйлаған болатын. Бірақ, өкінішке орай қуанышымыз алысқа ұзамай отыр.  Ауыл шаруашылық мамандықтарына берілетін гранттар сомасын көтергенімен «Ветеринария» мамандығы елеусіз қалып отыр. Неге? Сонда ветеренария ауыл шаруашылығы саласына жатпайтын болып отырма?

Әрине, біз жоғары оқу орындарының ғалымдары, профессор-оқытушылар құрамы жоғарыдағы құзырлы органдарға өтініш білдірдік. 2019 жылы гранттардың құны ұлғаятынына, біздің ұсыныстарымыз қайта қаралып, ескерілетініне сендірді. Дегенмен жақында ҚР Білім және ғылым министрлігі ветеринарияның ауыл шаруашылығы мамандықтарына қатысы жоқ екеніне сілтеме жасай отырып, мұны жасаудан бас тартқанын естідік.
Ескертеміз! Ауыл шаруашылығы жануарларын, құс, жабайы фаунаны ветеринарлық дәрігер емдейді және алдын алу шараларын өткізеді. Сондықтан Ветеринария – ауыл шаруашылығының саласы, ол техникалық, не болмаса өзге де білім саласына жатпайды.   

Біз, ветеринария мамандарын даярлайтын ЖОО-ның ғалымдары, ПОҚ атынан Сенат пен Мәжіліс депутаттарының назарына үндеу жолдаймыз. Бұл мәселені ауылдан шыққан халық қалаулылары жақсы біледі. Сол себепті елеусіз қалдырмай, талқылауға көмектесіп, сол арқылы Мемлекет басшысының тапсырмасын сапалы орындауды қамтамасыз етеді деп үміттенеміз.
Бір топ отандық ветеринар ғалымдар. 

Осы мәселе бойынша ҚР Білім және ғылым министрінің кеңесшісі Майраш Тайкеновадан мәселенің мәнін сұраған болатынбыз. Кеңесшінің айтуына қарағанда, грант бөлу бойынша ҚР Ауылшаруашылық министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрлігі жауапты. 

"Себебі, БҒМ олардың сұрағанын ғана бере алады. Мысалы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қанша маман керектігін белгілесе, АШМ өз мүмкіндіктерін ұсынады. Сондықтан бұл мәселеде аталған екі министрлік өзара келісіп алулары керек", - дейді Майраш Тайкенова.
Өзгелердің жаңалығы