Венгрия билігі ел аумағының басым бөлігін қамтыған ауқымды құрғақшылыққа байланысты төтенше жағдай режимін енгізді. Бұған Дунай өзеніндегі су деңгейінің рекордтық деңгейде төмендеуі мен су ресурстарының күрт тапшылығы себеп болған.
Венгрияның қоршаған орта министрі Ласло Гайдоштың айтуынша, ел аумағының шамамен төрттен үш бөлігінде су тапшылығы байқалады. Осыған байланысты қажетті шараларды жедел жүзеге асыру үшін ең жоғары дайындық деңгейін енгізу туралы шешім қабылданды.
Венгриялық БАҚ-тың мәліметінше, ең күрделі жағдай ауыл шаруашылығы дамыған өңірлерде қалыптасқан. Дунай өзеніндегі су деңгейі рекордтық төмен көрсеткішке жеткен. Мәселен, Пакш қаласы маңында су деңгейі 116 сантиметрді құраса, елдің оңтүстігіндегі Байя қаласында небәрі 4 сантиметрге дейін төмендеген. Бұл өзендегі кеме қатынасына да қиындық туғызып отыр. Министрдің сөзінше, су тапшылығы тіркелген 84 ауданның 66-сында құрғақшылық индексі заңда белгіленген шекті деңгейден асып кеткен.
Осыған байланысты Су шаруашылығы басқармасының мамандары Венгрия аумағының 74 пайызында төтенше дайындық режимінде жұмыс істейтін болады. Құрғақшылық энергетика саласына да әсер етіп, билік елдегі жалғыз атом электр станциясы – «Пакш» АЭС-інің қуатын төмендетуге мәжбүр болды. Сонымен қатар Венгриядағы ең ірі көлдердегі су деңгейі де төмендей беруде.
Айта кетейік, бұған дейін Молдова Үкіметі жанармай жеткізудегі іркілістерге байланысты энергетика саласында 30 күн мерзімге төтенше жағдай режимін енгізді. Тиісті шешім 28 шілде, сейсенбі күні өткен Үкімет отырысында қабылданды.
Сондай-ақ, Боливия президенті Родриго Пас елде 90 күнге төтенше жағдай режимін енгізіп, бірнеше аптадан бері ел өмірін тұралатып тұрған үкіметке қарсы блок-бекеттерді жою үшін әскер мен полицияны жұмылдырды.