АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі ұлттық қауіпсіздік мақсатында Қытайдан келетін жаңа буын роботтары мен энергетикалық жабдықтардың импортына шектеу қоюды жоспарлап отыр. Бұл туралы Reuters агенттігі америкалық шенеуніктерге сілтеме жасап хабарлады.
АҚШ Федералды байланыс комиссиясы (FCC) Қытайда өндірілген жаңа гуманоидты және төрт аяқты роботтарды, сондай-ақ электр желілері мен деректер орталықтарында қолданылатын кейбір қуат инверторларын елге әкелуге тыйым салу шараларын қарастыруда.
Америкалық билік бұл қадамды жасанды интеллект саласындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, деректердің ұрлануы мен кибершабуыл қаупінің алдын алу және маңызды технологиялар бойынша тәуелсіз өндіріс тізбегін қалыптастыру қажеттілігімен түсіндіреді.
АҚШ әкімшілігі өкілінің айтуынша, ел үшін робототехника, жасанды интеллект және энергетикалық технологиялар бағытында қауіпсіз әрі тұрақты жеткізу жүйесін құру маңызды.
«Экономикалық қауіпсіздік – ұлттық қауіпсіздіктің бір бөлігі. АҚШ маңызды технологиялар саласында өз өндірісін дамытуға бағытталған қайта индустрияландыру саясатын жалғастырады», – деді америкалық шенеунік.
Жаңа шектеулер Қытайдың робот өндірушілеріне әсер етуі мүмкін. Сарапшылардың пікірінше, жасанды интеллектпен жабдықталған гуманоидты роботтар алдағы уақытта өндіріс пен тұрмыстық салада кеңінен қолданылуы ықтимал.
Reuters мәліметінше, ықтимал шектеулер әлемдегі гуманоидты роботтар нарығында ірі үлеске ие қытайлық Unitree Robotics компаниясына әсер етуі мүмкін. Компанияның өнімдері АҚШ-тағы кейбір ғылыми және академиялық ұйымдарда да қолданылып келеді.
Сонымен қатар Вашингтон Қытайдың энергетикалық жабдық өндірушілеріне қатысты бақылауды күшейтуде. АҚШ билігі қытайлық инверторлар мен басқа да технологиялардың маңызды инфрақұрылымға қауіп төндіруі мүмкін екенін алға тартып отыр.
Бұған дейін АҚШ Қытайдың технологиялық компанияларына қатысты бірқатар шектеу шараларын енгізген болатын. Вашингтон мұндай қадамдарды зияткерлік меншікті қорғау және стратегиялық салалардағы бәсекеге қабілеттілікті сақтау қажеттілігімен байланыстырады.