Вашингтонда VIII Транскаспий форумы өтті

23 Мамыр 2024, 08:55
248
Бөлісу:
Вашингтонда VIII Транскаспий форумы өтті
Фото: baq.kz

Вашингтонда VIII Транскаспий форумы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Орта дәліз немесе Транскаспий халықаралық көлік жолы институционалды деңгейге жетті. Америкалық сарапшылар мүдделі мемлекеттер сөзден іске көшіп нақты қадамдарға кіріскендігін жазды, деп хабарлайды 24.kz.

Жыл сайын өткізілетін транскаспий форумының ауқымы кең. Маңызды шараға Қазақстан, Әзербайжан, Армения, Грузия, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия және Өзбекстан елдерінің дипломаттары, белгілі сарапшылар, мемлекеттік департамент, сауда палатасы, дүниежүзілік банк және бизнес қауымдастық өкілдері қатысты. Жылдар бойы бұл жобаға аса мән берілмеген, алайда күрделі геосаяси жағдайлар Орта Азия мемлекеттеріне балама жолды ширатуға ықпал еткен. Нәтижесінде екі жыл ішінде орта дәліз жобасы институционалды деңгейге жетті дейді АҚШ-тың Қазақстандағы бұрынғы елшісі Ричард Хогланд. Яғни, мемлекеттер арасында жүйелі ұйымдастырылған транзиттік күре жол ретінде қалыптасып келеді.

Бұл тек осы аймақ үшін ғана емес бүкіл әлем үшін тиімді жоба. Орта ғасырларға зер салсаңыз жібек жолы көз алдыңызға келеді. Сауда жолы Қытай, Орта Азия және Еуропаны яғни батыс әлемін байланыстырып тұрды. Қазір сол замандағыдай белсенділік артып келеді. Бұл өте үлкен жетістік, - дейді АҚШ-тың Қазақстандығы бұрынғы елшісі Ричард Хогланд.

Орта дәліз – автомобиль, темiр жол және теңiз тасымалдарын біріктіретін мультимодальды көлік дәлізі. Қытайдан Еуропаға тауар жеткізуге арналған тиімді әрі қысқарақ жол. Сол себепті жыл басында Еуропалық және халықаралық инвесторлар транскаспий дәлізін дамыту үшін $10,8 млрд бөлетіндерін мәлімдеген. Аймақ елдері де қарап қалмай, қыруар қаржы шығарып, халықаралық көлік жолы инфрақұрылымын жетілдіру ісіне кіріп кетті.

Қазір біз Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы жүк тасымалы бойынша байланыстың ширағанын көріп отырмыз. Түрікменстан да назарын аудара бастады. Грузия батысқа жүк жеткізетін және одан кері әкелетін транспорттық инфрақұрлымын жетілдіріп жатыр. Демек, тараптар сөзден іске көшті, нақты прогреске куә болудамыз әрі бұл қарқын арта түседі деп ойлаймыз, - дейді халықаралық сарапшы Уэсли Хилл.

Сарапшылардың айтуынша, үкіметтер де, бизнес қауымдастық та Орта дәлізді іске асыруға белсенді кірісті. 2020-2021ші жылдары транскаспи бағытындағы тауар тасымалының көлемі 350 мыңнан 530 мың тоннаға жеткен.

Әрине сауда жолдарын ары қарай дамыту, әртараптандыру маңызды басымдық болып табылады. Нақтылап айтсақ, ірі жобаларды ары қарай іске асырып, дамыту қажет. Осы орайда Орта дәлізді дамыту үшін ірі жобалар қажет. Атап өтсек, олардың бірі WabTech (ВабТек) компаниясының жобасы Астанада локомотив құрастыру зауытында локомотив өндірісін ұйымдастырып отырған жоба. Ол тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл Ота Азия мемлекеттері үшін де маңызды болып табылады, - дейді ҚР АҚШ-тағы Елшілігінің кеңесшi-уәкілі Рауан Тілеулин.

Орта көлік дәлізі арқылы жүк тасымалы артып келеді. Бұл жобаның дамуынан әсіресе Еуразиядағы маңызды транзиттік хаб – Қазақстан ерекше ұтпақ.

Өзгелердің жаңалығы