АҚШ әкімшілігінде Иранмен өтетін екінші жеке келіссөздердің ықтимал форматтары мен өткізу орындары бойынша ішкі талқылаулар жүріп жатыр. Бұл туралы CNN телеарнасы дереккөздерге сілтеме жасап жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Телеарна мәліметінше, Вашингтон бітім режимі аяқталғанға дейін Тегеранмен алдағы кездесуді ұйымдастыруға дайындық жүргізуде. Шенеуніктер ықтимал күндер мен келіссөз алаңдарын, соның ішінде делдал елдердің қатысуымен өтетін форматтарды қарастырып жатыр.
CNN дереккөзінің айтуынша, келіссөздердің келесі раунды өтуі мүмкін, ал Түркия тараптар арасындағы келіспеушіліктерді азайтуға ықпал етуде. Бұған дейін Женева мен Исламабад келесі кездесу алаңдары ретінде аталған.
Алайда келіссөздердің жаңа кезеңі нақты бекітілген жоқ.
Еске салайық, 11 сәуірде Иран мен АҚШ Исламабадта бірнеше раунд келіссөз өткізгенімен, тараптар негізгі қайшылықтарға байланысты ұзақмерзімді келісімге келе алмады.