Валютамызды «алтын» деп атайық дегендер де болған

13 Желтоқсан 2021, 11:45
1873
Бөлісу:
Валютамызды «алтын» деп атайық дегендер де болған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Биыл еліміздің тәуелсіздігіне 30 жыл толды. 

КСРО құрсауынан шығып, өз алдына дербес мемлекет болу оңай болған жоқ. Енді ғана қаз-қаз тұрып, тәй-тәй басқан жас мемлекеттің алға қарай нық қадам басуына білімді де білікті мамандардың да зор үлесі бар. Олар жас мемлекеттің іргесін қалап, керегесін кеңітуге, шаңырағын көтеруге бір кісідей атсалысты. 

Сондай азаматтардың бірі де бірегейі – төл теңгеміздің «атасы», білікті қаржыгер, экономика ғылымының докторы, Ұлттық банктің тұңғыш төрағасы Ғалым Байназаров болатын. Ол – Тәуелсіз мемлекеттің төл теңгесіне алғаш болып қол қойған банкир. 

Бүгінде қаржыгер валютаның бүгінгі «теңге» атауына қалай тоқтағандарын еске алады: 

Тарихты ақтарғанда, біздің жерімізде болған түркі нәсілді мемлекеттердің ақшасы болғанын білдік. Олардың металдан құйылған ақшалары теңге деп аталған екен. Археологтар ең ежел­гі ақша белгілерін Отырар, Тараз, Түркістан, Баласағұн және Қазақстанның тағы бас­қа да көне қала­ларын қазу барысында тапқан. Демек біздің тарихымыз үшін теңге атауы – төл дүние. Дегенмен ұсыныстар көп айтылды: «сом», «алтын» дегендердің де пікірлерін тыңдадық...

Қаржыгердің айтуынша, осынау жылдар ішінде еліміз көптеген экономикалық дағдарысты басынан өткерді. Егер біз өз валютамызды емес, басқа ел­дің ақшасын қолданғанымызда, экономиканың бас­қару саясаты, оны жетілдіру мәселелері қолымызда болма­йтын еді. Басқа елге тәуелді, бодан­ қалпымызда жүре берер едік. 

1992-1997 жылдары кеңес дәуіріндегі жоспарлы экономикадан нарықтық эко­номикаға көшу кезеңіндегі дағдарыс өте ауыр болған еді. 

Осы жылдары (1995 ж.) өнер­кәсіп өндірісі 1990 жыл­­мен са­лыс­тырғанда 52 па­йыз­ға, ауыл шаруашылығы 48 пайыз­ға құлдырап, экономикада құрылымдық диспропорциялық дағ­дарыс пайда болды, мұнай мен газ өндірістеріне біржақты тәуел­ділік болды. Бұл уақытта мұнай бағасы біресе өсіп, бі­ресе құлдырады. Ал отандық эконо­ми­ка­ның 25-30 пайызы, экспорттағы 60-65 пайызы мұнай мен газ­дың бағасына тіке­лей бай­ла­нысты. Сондықтан бұл кезде тең­­генің долларға қатысты баға­мы да бір орында тұрмады. Әсі­ресе, 1998 жылы Ресейдің дефолт­тық дағдарысы кезінде әлсіреп, 1999 жылы теңге бағамы қатты құлады. Одан кейін 2009 жылы Дүниежүзілік қаржы дағ­дары­сы басталған кезде ұлттық валютамыз тағы да үлкен соққы алды. Одан соң 2014-2015 жылдары тағы құнсызданды. Төмендеу 30-40 пайызға дейін жетті, - дейді Ұлттық банктің тұңғыш төрағасы. 

Оның айтуына қарағанда, төл валютамыздың дүниеге келуі - Тәуелсіздіктің басты жетістігі. 

Осы уақыт іш­ін­де еліміздің экономикасы біраз өз­геріске ұшы­рады. Жоспарлы эко­но­ми­кадан на­рық­тық эко­микаға транс­фор­ма­ция жасап, оны құр­а алдық. Қаржы және банк жүйесі де көп өз­герді. Өздеріңіз білесіздер, Қазақ­стан тер­рит­ориясында ешқашан тәуелсіз банк жүйесі болған жоқ. Кеңес дәуі­рінде қаржы мен ақшаның тәуелсіз сая­сатын жүргізу мүмкін болмады. Ол орта­лықтан, Мәскеу­ден реттелді. Кеңес Ода­ғы құлаған­нан кейін дағдарыс салдары ке­ліп жатты. Басқа елдердің, Ресейдің өз проб­лемалары жеткілікті болғандықтан, бізге көмек қолын созатын ешкім болған жоқ. Сол кезде дербес ақша саясаты, ұлт­тық валюта қажет болды. Сөйтіп, 1993 жылы ұлттық валютаны енгіздік. Мұны Тәуел­сіздіктің басты же­тіс­тігі деп қара­ған жөн, - дейді экономист-ғалым.

Әртүрлі елдердің банкноты мен монетінің дизайнын зерттей келе портреттер бейнеленген ди­зайн таңдап алынады. Болашақ банк­нот пен монет дизайнын қазақ суретшілері «Harrison & Sons Limited» фирмасының дизайнер­лер тобымен бірлесіп жасап шық­қан еді. Ұлттық валюта дизайнына та­ри­хи-мәдени маңызы бар қазақ ғы­лымы мен мәдениеті өкілдері, қа­зақ мемлекетінің негізін қалаған хандардың портреті бейнеленіп, қазақы ою-өрнекпен безендірілді. 

Осы­­­­лайша, 1992 жылы желтоқ­сан­ның басында Лондон қаласында орналасқан «Harrison & Sons Limited» фирмасында Қазақстан Министрлер ка­би­неті өкілдерінің қатысуымен банкноттың өндірістік үлгілеріне қол қойдым. Ұлыбританиялық фир­ма қазақстандық валютаны ба­сып шығаруды 1993 жылдың нау­рызында аяқтады. Жаңа валюта сәуір-мамыр айларында елге жет­кізілді. Теңге әлемдегі қор­ға­ныш­тық қабілеті жоғары валюталардың бірі болды. Кейбір купюралардың 14-ке дейін қорғаныштық элементі бар еді. Теңгенің заманауи дизай­ны мен жоғары сапасы үшін «Harrison & Sons Limited» фирмасы Ұлыбритания патшайымының 1993 ж­ылдың қорытындысы бойын­­ша үздік сапалы өнім ата­лымы медалімен марапатталды. Қа­зақстан Ұлттық банкі ұжымы­ның іскерлігінің арқасында және өз кіріс есебімен 1993 жылдың 1 шіл­десіне дейін ақша нарығы нысандарының барлық инф­рақұры­лымы құрылып, жұмыстар толы­ғы­мен аяқталды. Олар: Элект­рон­ды валюта биржасы, Монета са­райы, Банкнот фабрикасының бі­­рінші кезеңі, Алтын валюта қо­ры, Мемлекеттік валюта қоры мен қымбат бағалы металдарды сақтау қоймасы, Қазақстанның ішкі және сыртқы төлем жүйесі. Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1993 жылдың 15 қа­ра­шасында елімізде ұлттық валюта - теңге айналымға енгізілді, - дейді Ғалым Байназаров. 

Сондай-ақ экономист сол кезде бір теңге 500 рубльге тең болғанын айтады.

Рубльді ұлттық валютаға айыр­бас­тау 1993 жылдың 15 қарашасында сағат 8-де басталды және үш күн ішінде рубль мен теңге қатар қол­да­ныста болды. Ал 1993 жылдың 18 қарашасынан бастап ұлттық валю­та - теңге Қазақстан террито­рия­сында бірден-бір заңды төлем құ­ралы болып саналады. 1993 жыл­дың 20 қазанынан бастап теңгенің өз­ге елдердің валюталарына шақ­қандағы бағамы белгіленді, оның ішінде АҚШ-тың 1 доллары 4,75 тең­геге тең болды. Ұлттық валютаның енгізілу ке­зеңі Кеңес Одағының құлау кезеңі деу­ге болады, - дейді ол. 

Банкирдің айтуынша, ұлттық валютаны енгізу тәуел­сіз Қазақ елінде, Қазақстан халқы өмі­рінде үлкен тарихи оқиға! Мем­ле­кетіміздің Тәуелсіздігінің 30 жыл­дығы қарсаңында теңге өзінің та­рихи міндетін абыроймен атқар­ды. Ал бел­гілі халықаралық рейтинг агент­тік­терінің бағалауы бойынша елі­міз­дің қаржы-банк жүйесі ТМД бойын­ша үздіктердің қатарында.     

Өзгелердің жаңалығы