Вакцинаның сапасына күмән келтірмеу керек – маман

29 Қаңтар 2021, 18:06
1633
Бөлісу:
Вакцинаның сапасына күмән келтірмеу керек – маман

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг барысында Денсаулық сақтау министрлігінің «Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК директорының орынбасары Манар Смағұл айтты.

Вакцина – медицинаның ұлы жетістігі. Ол – инфекциялық ауруларға қарсы тиімді шаралардың бірі. Бұған өзіміз куәміз. Вакцинацияның арқасында желшешек, қызылша секілді вирустық аурулардың алдын алудамыз. Қазір елімізде полиомиелитпен ауыратындар мүлдем жоқ деп айта аламыз. Вакцинаның тиімділігі мен пайдалы тұстары туралы ұзақ айтуға болады. Коронавирус пандемиясы басталғалы бері потенциалы жоғары елдер осы ауруға қарсы вакцина жасауға көп күш жұмсады. Соңғы 9-10 ай бойы карантиндік шараларды сақтап, қатаң шектеу жағдайында өмір сүріп келеміз. Вакцина бізге еркіндік береді. Ол адамдармен араласуға, еркін қозғалысқа жол ашады, - деді Манар Смағұл.

Оның айтуынша, вакцинаға сену-сенбеуді әркім өзі біледі, бірақ оның сапасына күмән келтірмеу керек.

Қазақстандық вакцинаның сапасы туралы көп сұрақ туындап жатыр. Жалпы вакцинаны неғұрлым тез жасап шыққан күннің өзінде оны өндіру, жасап шығару барысында қойылатын талаптар өте қатаң. Ол біз ойлағаннан да қиын жұмыс. Вакцина жасаудың әр кезеңі қатаң қадағаланады. Егер вакцина тексерудің барлық кезеңінен өтіп, көп мөлшерде шығарылатын болса, ол әлемдік қауіпсіздік талаптарына сай деген сөз. Сондықтан қазақстандық вакцинаның сапасына сенуге болады, - деді ол конференция барысында.

Маман вакцинацияның бірінші кезеңінде Қазақстанға 100 мың доза вакцина жеткізілетінін айтты. Кейін сұранысқа сай ол әр аймаққа таратылады. 15 ақпанға дейін ресейлік «Спутник V» вакцинасы, одан кейін қазақстандық «QazCovid-in» вакцинасы қолданылады.

Раушан Арманқызы
Өзгелердің жаңалығы