Вакцинаға қатысты тағы бір жалған ақпарат тарады

13 Мамыр 2021, 17:30
1664
Бөлісу:
Вакцинаға қатысты тағы бір жалған ақпарат тарады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Telegram-чаттарда қазақстандықтар COVID-19 қарсы вакцинаны сынауға қатысқан 12 жастағы қыздың белінен төмен сал болып қалғаны туралы хабарлама таратуда. Бұған ешқандай дәлел жоқ.

Бұл туралы stopfake.kz сайты хабарлады.

Хабарламада Moderna шығарған вакцина туралы айтылады. Үстіміздегі жылы наурыз айының ортасында өндірушілер препараттың клиникалық сынақтарының басталғаны туралы жариялады, оған 12-ден 16 жасқа дейінгі 2 260 жасөспірім қатысты. Сынақтар АҚШ-та өтті. 

Сәуір айында Желіде вакцина салдырғаннан кейін белінен төмен сал болып қалған 12 жасар Мэдди туралы хабарламалар тарады.

Вакцинаға қатысты тағы бір жалған ақпарат тарады

Дереккөз – WhatsHerFace YouTube-арнасы, онда әртүрлі қастандық теориялары туралы видеолар жарияланады. Видео авторы сынақтың жас қатысушысының оқиғасын айта отырып, ақпаратты қыздың отбасы мүшесінен алғанын жеткізеді. Бірақ видео кейіпкері оқиғаның өзін Facebook-тегі белгісіз парақшаның скриншотынан оқиды, бұл ретте пост авторының аты кадрда көрсетілмейді.

Бейнероликте қыздың аты-жөні, оның тұрғылықты жері, блогерге ақпарат берген туыстарының да аты аталмайды.
Сондай-ақ, паралич туралы ақпарат ролик авторы оқыған постта да жоқ. Онда тек кейбір неврологиялық және гастроэнтерологиялық проблемалар туралы ғана жазылған.

Аурухана төсегінде жатқан қыздың видеосы мен фотосы әлеуметтік желілерде кеңінен тарады. Зардап шеккен Мэдди туралы әңгімелерді вакцинацияға қарсы адамдардың жеке парақшаларынан да оқуға болады. Алайда, автор видеода оқыған мәтіннің түпнұсқасы табылған жоқ. Іздеу жүйесі бастапқы әңгімеден алынған үзінділері бар сұрау бойынша ұсынған жалғыз нәтиже израильдік қолданушы Facebook-те жариялаған және өшіріп тастаған постқа апарады.

Үстіміздегі жылдың 11 мамырында АҚШ Азық-түлік және дәрі-дәрмек сапасын санитарлық қадағалау басқармасы (FDA) жасөспірімдерді вакцинациялау үшін Moderna вакцинасын мақұлдады, бұл препарат қауіпсіз және тиімді деп танылды. Жанама әсерлердің қатарына төмен температура, шаршау сезімі, инъекция орнындағы ауырсыну және бұлшықеттердің ауырсынуы бар. Постта сынаққа қатысушыларда паралич немесе ауыр аллергиялық реакциялардың болатыны туралы ештеңе айтылмаған.

Жалпы, 12 жастағы қыздың сал ауруы туралы ақпаратта фейк жаңалыққа тән белгілердің барлығы бар: оқиғаның орны мен уақыты, оқиға кейіпкерінің толық деректері, нақты ақпарат көздеріне жасалған сілтемелер сияқты маңызды мәліметтер жоқ, бірақ хабарлама тақырыбы өте өзекті және қоғамда дүрлігу тудыруы мүмкін. Бұл оқиға туралы баспасөзде айтылмағаны да маңызды. Жасөспірімде болған жағымсыз реакция туралы барлық хабарламалар қастандық теориясына арналған порталдарда жарияланған, ал басты дереккөз WhatsHerFace YouTube арнасы деп көрсетілген.

Қорыта айтқанда, вакцина салдырғаннан кейін 12 жастағы қызда пайда болған сал ауруы туралы ақпарат дәлелсіз. Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарында да, Moderna және FDA ресми порталында да жазылмаған. Бастапқы дереккөз – қыздың аты-жөні мен диагнозынан басқа фактілерді келтірмеген блогер. 

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда КВИ қарсы вакцинациялау кезінде Moderna препараты қолданылмайды.

Өзгелердің жаңалығы