Қырғызстанда ысырапқа жол бермеу туралы заң жобасы талқыланып жатыр. Осыған ұқсас заң Тәжікстанда 2007 жылдан, ал Өзбекстанда 2019 жылдан бері бар. Яғни бұл екі елде халықтың той-томалақ, ас-жаназасын мемлекет реттейді. Қырғызстан парламентінің депутаттары қандай заң ұсынып отыр, Қазақстанға мұндай заң керек пе, тойдағы ысырапқа заңмен шектеу қою дұрыс па? BAQ.KZ тілшісі мамандар көмегімен осы сауалдар жауабын іздеп көрді.
"Тойға 250-ден артық адам шақыруға болмайды"
Қырғызстанда той-томалақ пен ас-жаназаларды реттейтін заң жобасы биыл 27 қаңтарда парламент сайтында жарияланды.
Заң жобасы бойынша тойға 250-ден артық адам шақыруға болмайды. Сондай-ақ тойға арнап бір сиыр немесе бір жылқы ғана союға рұқсат етіледі. Құжат авторлары қыз ұзатуға шақырылатын қонақ саны 100 адамнан аспаса дейді. Ал үйлену тойы мен қыз ұзату бірге өтсе, бір сиыр немесе жылқы сойып, 350-ден аспайтын адам шақыруға рұқсат етіледі.
Құжатта үйлену кортежіндегі көліктер санын шектеу де көзделген. Кортежде үш көліктен артық болмауы керек.
Заң жобасы жаназаға келетін адам санына шектеу қоймайды. Бірақ жерлеу кезінде ұсақ малды, жылқы немесе ірі қара малды союға жол берілмейді. Марқұмды жерлеген соң үш күннен кейін бір жылқы немесе ірі қара мал сойып, ас беруге рұқсат етіледі. Сондай-ақ 3 күн, 7 күн, 40 күндігі және жылдық асын өткізуге тыйым салынады.
Заң талаптарын бұзғаны үшін той, іс-шара иесіне 300 мың сом, мекеме иесіне 100 мың сом көлемінде айыппұл салынады.
Құжат авторлары заң жобасы азаматтардың әлеуметтік және экономикалық мүддесін қорғауға, салт-дәстүр, салтанатты жиын мен басқа да шараларды өткізу кезінде артық ысырапты шектеуге бағытталғанын айтады.
Ысырап азаматтардың экономикалық жағдайына, отбасы бюджетіне және өмірдегі адамгершілік негіздеріне айтарлықтай зиян келтіріп отыр. Заң жобасы ұлттық мәдениеттің шынайы құндылығынан алшақтауды жойғысы келеді, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптың негізсіз бәсеке мен бос мақтанның құралы болып, мал шашпаққа айналуын жоюды көздейді, - деді депутаттар.
"Іші ашып отырған "тоқылдақ" табылады"
Қырғызстанда ұсынылған заң жобасымен танысқан әлеуметтанушы Ілияс Тілеубергенов Қазақстан үшін де тойдағы ысырапқа заңмен шектеу қою дұрыс деп санайды. Бірақ адам қайтыс болғанда жасалатын рәсімдер сол күйі қалуы керек деп есептейді.
Біздің жер үлкен. Логистика қиын, билет табылмайды. Қыста болған өлімге жете алмайды. Жолдар жабық болады, қауіпті. Сол үшін жұрттар жаназасы, алғашқы бейсенбісі, 7-сі, 40-на үлгермесе, жылына барады. Бұл – дұрыс, қалуы керек дәстүр, - дейді.
Әлеуметтанушы тойдағы ысырапты шектеу үшін той иелеріне емес, тойханаларға айыппұл салуды қолдайды.
Адам санын шектеу, мал сою жағын реттеу үшін банктерге несие бергізбеу керек және тойханаларға айыппұл салу керек. Себебі той иелеріне айыппұл салып, үкімет абырой таппайды. "Штрафстан" деген әңгіме болады. Заңды тұлғаларға, тойханаларға камера орнатып тыйым салса және “тоқылдап”, хабар берген адамдарға бонус берсе, тыйылады. Тойда отырып, "250-ден астам адам бар" деп анонимді түрде хабар беретін іші ашып отырған біреу табылады, - дейді Ілияс Тілеубергенов.
"Басына тимей түсінбейді"
Тарихшы-этнограф Жамбыл Артықбаев әлеуметтанушы пікірімен келіспейді.
Қоғам өзі реттейтін мәселелерді мемлекетке тапсыра берсеңіз, билікте тоталитарлық жүйені туғызасыз. Қоғамның өзінің реттейтін шаруасы бар, үкіметтің реттейтін шаруасы бар. Кез келген шаруаны үкіметке артып қойсаңыз, Сталин заманындағыдай үкімет пайда бола қалады, - дейді ол.
Жамбыл Артықбаев той-томалақ, ас-жаназаны реттеуді үкімет мойнына алса, Қазақстанда қандай сценарий болатынын болжап көрді.
Мәселен, сіз той жасап жатырсыз. Екі полицей кіріп келеді. "Неге мынша табақ ет асып жатырсыз?" деп тиісуі мүмкін сізге. Я болмаса "Жеті атаға толды ма, толмады ма, қане құжатын көрсетіңіз" деп тиісуі мүмкін. 5-6 жыл бұрын жеті атаға жетпей үйленетіндерді тоқтататын заң шығару керек деген әңгіме болған. Ал сіз ысырап жасап жатырсыз ба, жоқ па, қалай дәлелдейсіз? Жеті атаны бұзып жатырсыз ба, бұзбай жатырсыз ба, оны қалай дәлелдейсіз?, - деді этнограф.
Сондай-ақ Жамбыл Артықбаев жақында Өзбекстанға барғанын айтып, онда қоғамдағы той-томалаққа биліктің айтарлықтай ықпалы барын жеткізді. Еске салайық, 2019 жылы Өзбекстанда Қырғызстан талқылап жатқан заң жобасына ұқсас заң қабылданған. Бірақ онда қонақ саны ғана емес, жиын-тойдың өтетін уақыты да қатаң қадағаланады.
Facebook-тен қарап отырамын, "Ой, керемет, дамып бара жатыр" деп Өзбекстан туралы ақпараттар болып жатады бізде. Жақында ғана Өзбекстанда болып келдім. Бос сөз. Біздің экономикалық, әлеуметтік жағдайымыз Өзбекстаннан көш ілгері. Барлық жағынан керемет озық емес шығармыз, бірақ көп жағынан озықпыз. Кедейшілік анау-мынау ол – бір бөлек әңгіме. Биліктің әсері қоғамға қатты сезіледі. Ешқандай адам, ешқандай орта төменгі деңгейде өз бетінше ештеңе жасай алмайды, - деді ол.
Жамбыл Артықбаевтың айтуынша, үкімет тарапынан жасалатын шектеулер халықты ойлануға емес, бағынуға ғана тәрбиелейді және экономиканың дамуына мүмкіндік бермейді.
Бұрын ортаазиялық деспотиялық хандар болған. Бұхар хандығы бәрі деспоттар ғой негізінен. Өзбекстанда әлі күнге дейін ойлануға, бәсекеге мүмкіндік бермейтін бағыныштылық жүйе. Бұл экономиканы да алға жылжытпайды. Экономика еркіндікті, бәсекелестікті талап етеді. Адам шешім қабылдауды үйрену керек, онсыз болмайды ғой. Сондықтан олардікінің бәрі дұрыс екен деп қабылдай беруге болмайды, - деді ол.
Тарихшы-этнограф тойдағы ысыраптан сақтану үшін ағартушылық қызметтің маңызы зор екенін айтты.
Қоғам миына жетпей, басына тимей осылай бола береді. Қоғамды үгіттеуіміз керек. Қоғамда ағартушылық жұмыстар жүргізілуі керек, - деп сөзін түйіндеді ол.