Ұйқының қанбауы мен күйзеліс сүт безі ісігінің қаупін арттыра ма? Онколог жауап берді

1 Қазан 2026, 12:40
АВТОР
 ©️ ЖИ: BAQ.KZ 1 Қазан 2026, 12:40
1 Қазан 2026, 12:40
163
Фото: ©️ ЖИ: BAQ.KZ

Созылмалы күйзеліс, ұйқының қанбауы және күн тәртібінің бұзылуы әйелдердің денсаулығына әсер етіп, сүт безі обырының даму қаупін арттыруы мүмкін. Бұл туралы Алматы онкологиялық орталығы консультациялық-диагностикалық бөлімінің меңгерушісі Ақбота Әділова айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Күйзеліс пен ұйқының қанбауы обырға әсер ете ме?

Маманның сөзінше, тұрақты стресс пен толыққанды демалыстың болмауы ағзадағы гормондық тепе-теңдікті бұзады.

Созылмалы күйзеліс, биологиялық ырғақтың бұзылуы және ұйқының қанбауы адам денсаулығына кері әсер етеді. Біз тәулігіне сегіз сағаттан аз ұйқыны толыққанды ұйқы деп есептемейміз. Ұйқының жетіспеуі мен күн тәртібінің бұзылуы гормондық өзгерістерге әкеліп, мелатонин гормонының бөлінуіне әсер етеді. Мұның бәрі сүт безі обырының даму қаупін арттыруы мүмкін, – дейді Ақбота Әділова.

Алайда дәрігер бір ғана фактордың қатерлі ісікке себеп болмайтынын атап өтті.

Тек ұйқының қанбауы немесе тек күйзеліс, не болмаса тек тұқым қуалаушылықтың өзі обырдың пайда болуына жеткіліксіз. Сүт безі обыры – көп фактордың әсерінен дамитын ауру. Яғни бірнеше қауіп факторы қатар келген кезде сырқаттың даму ықтималдығы артады, – деп түсіндірді маман.

Әйелдерді дәрігерге кеш жүгінуге итермелейтін қате түсініктер

Онкологтың айтуынша, сүт безі обырына қатысты кең таралған мифтердің бірі – ауруды тек қолмен байқалатын түйін пайда болған кезде ғана анықтауға болады деген түсінік.

Қабылдауға келген әйелдердің көбі сүт безіндегі өзгерісті байқамағанын айтады. Олар көбіне қолтық астында немесе кеуде тұсында түйін пайда болған кезде ғана дәрігерге жүгінеді. Өкінішке қарай, статистика бойынша көлемі екі сантиметрге дейінгі ісіктерді әйелдер өздігінен сезе алмайды. Мұндай түзілістер сүт безі тінінің ішінде орналасады және қолмен ұстап көру кезінде байқалмайды, – дейді ол.

Сондықтан дәрігер әйелдерге ай сайын өздігінен тексеру жүргізуге кеңес береді.

Айна алдында тұрған кезде немесе душ қабылдау барысында сүт безін өздігінен тексеріп тұрған дұрыс. Бірақ “лимон қабығы” белгісі, қолтық астындағы түйін сияқты өзгерістер пайда болса, бұл аурудың асқынған кезеңін көрсетуі мүмкін. Өкінішке қарай, мұндай белгілер көбіне сүт безі обырының үшінші сатысында байқалады, – дейді маман.

Дезодорант пен антиперспирант обыр тудыра ма?

Ақбота Әділова сүт безі обырына қатысты тағы бір кең таралған қате пікірге тоқталды.

Кейбір әйелдер антиперспиранттар мен дезодоранттар сүт безі обырын тудырады деп ойлайды. Алайда бұл ғылыми тұрғыда дәлелденбеген, – дейді ол.

Неге тек УДЗ-ге сенуге болмайды?

Маман әйелдердің тағы бір бөлігі тек ультрадыбыстық зерттеуден (УДЗ) өтіп, соны жеткілікті деп санайтынын айтты.

Көпшілік УДЗ арқылы сүт безіндегі кез келген өзгерісті анықтауға болады деп ойлайды. Бірақ бұл дұрыс емес. Сүт безі обырын ерте анықтауда негізгі әрі ең сенімді әдіс – скринингтік маммография. Ол қазіргі таңда «алтын стандарт» саналады, – дейді дәрігер.

Оның айтуынша, УДЗ немесе магниттік-резонанстық томография (МРТ) негізгі тексеруді алмастырмайды.

УДЗ мен МРТ қосымша зерттеу әдістері ретінде қолданылады. Олар әйелдің жасына, сүт безі тінінің ерекшелігіне және басқа да факторларға қарай жеке тағайындалады. Сондықтан барлық тексеруден өз бетінше өте беру ұсынылмайды. Қандай зерттеу қажет екенін онколог-маммолог анықтауы керек, – деп қорытындылады Ақбота Әділова.

Наверх