"Ұйқыны ашатын энергия": Сергіте ме әлде дертке бастай ма?

10 Шілде 2024, 15:44
1527
Бөлісу:
"Ұйқыны ашатын энергия": Сергіте ме әлде дертке бастай ма?
Фото: pixabay.com

Нутрициолог энергетикалық сусындардың орнына қымыз, қымыран ішуге кеңес берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев энергетикалық сусындарды 21 жасқа дейінгі адамдарға сатуға тыйым салу туралы заңға қол қойған болатын.

Елордалықтар заңға көзқарастарын білдіріп, “Энергетикалық сусындарға тыйым салуға қалай қарайсыз?” деген сауалға ойларын айтты. 

Энергетикалық сусындар – ең зиян сусындардың бірі. Адамның ағзасына зиянын тигізіп жатқан фасфудтардан да асып түседі. Оның құрамы түрлі химияларға, зиянды заттарға толы. Астана медицина университеті академик Е.Д. Дәленов атындағы профилактикалық медицина ҒЗИ жетекші ғылыми қызметкері, нутрициолог Жанна Нұрберген BAQ.KZ тілшісіне берген сұқбатында осындай ой айтты.

Энергетикалық сусындарды адамдар не үшін ішеді?

Ең алдымен адамдар энергетикалық сусындарды энергия береді, күш-қуат береді деп ішеді. Расымен, энергетиктердің құрамында өте көп мөлшерде кофеин болады. Кофеин біздің орталық жүйке жүйемізге әсер етіп, көңіл-күйді көтеріп, миымызға бір сәттік күш-қуат береді. Бірақ оның көп мөлшері адам ағзасына өте зиян.

Энергетикалық сусындардың құрамында кофеин, таурин сияқты қоспалар болады. Олардың адамға бір сәттік энергия беретіні рас. Яғни адам бір сәт энергияға толы болады, бірақ ол тез таусылып қалады. Сөйтіп керісінше ағзаның қорындағы бүкіл энергияны сорып алады. Демек бұл ағзамыз екі есе зардап шегеді деген сөз.

Энергетикалық сусындардың құрамында адам ағзасына зиян қандай зат бар?

Энергетикалық сусындардың құрамында кофеин, таурин сияқты заттар бар. Оған қоса көп мөлшерде қант болады. 200 мл құтыдағы энергетик құрамында шамамен 100-120 гр қант болады. Бұл бір кесе қант. Біз бір кесе қантты жай отырып жей алмаймыз ғой. Ал қанты көп энергетикалық сусынды біз бірден ішіп қоямыз. Бұл өте зиян. Әсіресе баланың, яғни енді өсіп келе жатқан ағзаның иммунитетін түсіріп, ішегінің микрофлорасын құртатын, паразиттерді көбейтетін, қанның құрамындағы қанттың деңгейін көтеретін, артық салмаққа, диабетке, жүрек-қан тамыр жүйесінің ауруларына, ас қорыту жүйесінің жүйесінің ауруларына әкеп соғатын бірден-бір себепкер – осы қанттың көп мөлшері.

Қазіргі таңда ең көп кездесетін энергетикалық сусындардың құрамында ароматизаторлар, бояғыш заттар, тіпті кейбірінде неше түрлі химиялық қоспалар бар. Мысалы, құрамын бұзбайтын, ұзақ сақталуға көмектесетін тұрақтандырғыш қоспалар бар.

Демек кофе де энергетикалық сусындар қатарына жатады ғой...

Кофеинді мөлшерден тыс қолданбасақ, оның зияны жоқ. Кофе мен энергетикалық сусынның айырмашылығы бар. Біз кофеге өте көп мөлшерде қант қоспаймыз. Кофенің құрамында ароматизатор, консерванттар, түрі қоспалар болмайды. Кофені анда-санда ішуге болады. Ол бізге сергектік сыйлайды. Бастысы тәуелділік болмауы керек.

Кез келген, тіпті пайдалы заттың өзін мөлшерден артық жейтін болсақ, ол бізге зиянын тигізеді. Ал енді зиянды нәрсенің де мөлшерін көбейтіп жіберсеңіз, ағзаға тигізер зияны одан да зор болады.

Ең алдымен орталық жүйке жүйесіне кесірін тигізеді. Ол стресс, депрессия, ұйқысыздыққа алып келуі мүмкін. Оған қоса энергетикалық сусындар ас қорыту жүйемізді бұзады. Әсіресе бауырдың жұмысына ауыр салмақ салады. Өт жолдарының толуына, іш қатуға әкеп соғуы мүмкін.

Жалпы біздің иммунитетіміздің 80 пайызы ішекте орналасқан. Ішекте адамның пайдалы бактериялары өте көп. Сау адамның ағзасында 2 келіге жуық бактерия болады. Олар көбіне ішекте орналасады. Егер бактериялардың сапасы бұзылып, саны азайса, адам ауырады. Кез келген ауру, мысалы, ол псориаз, экзема, дерматит, аллергия, қалқанша безінің гормоналды бұзылыстары. Осылардың негізгі себебі ішекте болады. Ішектегі микрофлора бұзылған кезде біз ауруға, яғни түрлі паразиттерге, бактерияларға қолайлы жағдайды туғызып береміз.

Ал энергетикалық сусындар тікелей ішекке барады да, зиянды заттың барлығы ішекке сіңеді. Сөйтіп ішектің микрофлорасын бұзады. Тәттілер патогенді, яғни зиянды бактериялардың көбеюіне әкеп соғады. Сондай-ақ тәтті зат болғандықтан қанның құрамындағы қанттың деңгейін көтереді.

Энергетикалық сусынды аш қарынға ішкен қаншалықты зиян?

Аш қарынға ішкен өте зиян. Асқазан, ішек жолымыз пайдалы бактерияларға толы, иммунитетімізге жауап беретін өте нәзік орта. Ішек жолымызды күтіп ұстауымыз керек. Бірақ қазір тамақтың көбінде химия, түрлі химикаттар бар. Бір қызығы оның барлығы үлкен дәретпен шығып кетпейді. Ол ағзада токсин болып жинала береді, жинала береді. Асқазанды, ішекті тазартпасақ, оны ағзадан шығара алмаймыз. Сөйтіп бір күні үлкен ауруға әкеп соғады.

Медицина саласы мамандары мен ғалымдардың энергетикалық сусындардың зиянын айтып, дабыл қағып жатқанының себебі осы болар...

Біз алғашында Денсаулық сақтау министрлігіне энергетикалық сусындарды сатуды мүлде алып тастауды ұсынған болатынбыз. Не себепті қатты зиян деп дабыл қағып отырмыз? Өйткені оны күнде ішіп жатыр... Адамдар тіпті алкогольдің зиянын ұмытып кетті. Қазір энергетикалық сусындардың зияны жөнінде көп айтамыз. Энергетикалық сусындарға сұраныс артып кетті. Адамдар өте көп ішеді.

Бірақ қазір оны сатылымнан толығымен алып тастау өте қиын. Экономика деді, ананы айтты, мынаны айтты. Нәтижесінде 21 жасқа толмаған азаматтарға сатуға тыйым енгізілді. Ең бастысы бұдан бұлай балалар мектептен шыққанда дүкенге барып энергетик сатып ала алмайды.

Заң қабылданғанға дейін жұмыс тобы нормаларды талқылады. Сіз де жұмыс тобының құрамында болдыңыз. Қандай ұсыныстар жасалды?

Жұмыс тобында әртүрлі сала мамандары болды. Дәрігерлер де, ғалымдар да, бизнес өкілдері де болды. Негізгі ұсынысымыз энергетикалық сусындарға шектеу қою болды. Басында алып тастауды ұсындық. Бірақ бірден алып тастауға болмайтынын да түсінеміз. Себебі энергетикалық сусындар нарықта сұранысқа ие. Тіпті 21 жасқа дейінгі азаматтарға сатуға тыйым салу нормасына да қарсы шыққандар болды.

Сарапшылар “энергетикалық сусындардың экономикамызға керек”, радио, телеарналар “жарнамасыз, табыссыз қалып қоямыз” деп шықты. Мұның барлығы түсінікті. Алайда кішкентай балалардың ағзасын улап жатқан кезде, қалай ол туралы айтуға болатынын түсінбеймін. Болашақта біз қандай баланы өсіреміз?! Қандай болашақ күтеміз?

Біз медик, ғалым болғаннан кейін олардың құрамын зерттегенбіз, ол жайлы білеміз. Бірақ оны қарапайым адамдарға түсіндіру, жеткізу өте қиын болып тұр.

Сіздің ойыңызша, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын қалай жүргізу керек?

Ең алдымен энергетикалық сусындарды жарнамадан алып тастау керек. Оларды жарнамалауға мүлде болмайды. Балалар таңнан кешке дейін интернетте отырады. Мультфильм қарап отырғанда энергетикалық сусындардың жарнамасы алдынан шыға береді. Міне, балалардың санасына осындай энергетикалық сусындар бар екені әлден-ақ құйылып жатыр.

Энергетикалық сусындардың орнын қандай сумен алмастыруға болады? Оған тәуелді болып қалғандарға қандай кеңес бересіз?

Адам ағзасына ең пайдалы сусын – ол қара су. Қара судың ағзаны тазартатын қасиеті бар. Жалпы бүкіл ресурсты беретін – осы су. Сол себепті тәтті суға қарағанда қара суды көбірек ішкен абзал.

Энергетикалық сусындарға ең керемет балама – ол қымыз, қымыран. Мүмкіндік болса, осы сусындарды көбірек ішу керек.

Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге алғыс айтамын.

Өзгелердің жаңалығы