Ауыл шаруашылығы бизнес емес, жан қалауы – Еркебұлан Мәмбетов

29 Наурыз 2021, 09:20
3277
Бөлісу:
Ауыл шаруашылығы бизнес емес, жан қалауы – Еркебұлан Мәмбетов
PHOTO

Солтүстік Қазақстан, BAQ.KZ  тілшісі. «Мәмбетов и К» командиттік серіктестігі осыдан 27 жыл бұрын құрылған. Мамлют ауданына қарасты Меңгесер мен Бексейіт ауылдарына тиесілі  жерге иелік етіп, егін егуден бастаған болатын. 

Алғашқы қадамын жасаған 1993 жылы бұл барлық шаруаның басына туған жағдай болатын. Шығынға батып, тұралап қалған ауылдар, тапқан табысы алған қарыздарын да жабуға жетпейтін кездерде, ауылдықтар бірігіп, заманға сай, нарық талабын зерттей отыра дәнді-дақылдар өсіретін құрылым болуды мақсат етті. Еңбектің жемісін тек бес жылдан кейін ғана көру мүмкіндігі туды. 

Ауыл шаруашылығы бизнес емес, жан қалауы – Еркебұлан Мәмбетов

Бидайдың гектар берекелілігі 7,5 центнерден екі есеге, яғни, 15-ке жеткенде ғана, маңдай тердің текке кетпегені көрінді. Өнімге сұраныс артып, делдалсыз өткізудің жолын таптық. Ауа райына тәуелді болмай, техника мен технологияны ұштастыруды да қолға алдық. Білікті агрономдар тартылып, еңбек өнімділігі де көріне бастады, - дейді «Мәмбетов и К» командиттік серіктестігінің бас директоры Еркебұлан Мәмбетов. 

Қазіргі күні шаруашылықта 200-ден астам адам еңбек етеді. Егістік алқабы 27 мың гектардан асады. Дәнді-дақылдардан; бидай, арпа, сұлы, бұршақ өсірсе, майлы дақылдардан: зығыр, рапс пен жүгері, соя тұқымын егеді.

Бұлардың да облыс бойынша шығымдылығы жоғары. Әрі, майлы дақылдарға сұраныс артып келеді, бағасы да тиімді. 

Ауыл шаруашылығы бизнес емес, жан қалауы – Еркебұлан Мәмбетов

Тұқым ауыстыру жұмысын оң жолға қойдық. Жергілікті тәжірибе станциясымен тығыз жұмыс істейміз. Жыл сайын 1-інші, 2-нші репродукциялық тұқымдарды саудаға шығарамыз. Жыл сайын гектарынан 20 центнерден кем алмайтынбыз, былтыр құрғақшылыққа байланысты өнімділік тек 18 центнерден ғана айналды, соның өзінде жақсы астық жинадық, - дейді Еркебұлан Мәмбетов. 

Серіктестік егіннен басқа малшаруашылығы саласын да мықтап қолға алған. Өкінішке қарай, кеңшар ыдыраған кездегі тоқырауда барлық малды тұрғындарға жалақы ретінде таратып беруге мәжбүр болған. Тек 2012 жылы ғана бұл саланың тиімділігін зерттеп, АҚШ-тан 200 торпақ сатып әкелді. Бір жылдан кейін өңірде алғашқы болып аукцион ұйымдастырып, 18 бұқаны 11 миллион теңгеге сатты. 

Ауыл шаруашылығы бизнес емес, жан қалауы – Еркебұлан Мәмбетов

Ауыл болғасын міндетті түрде мал ұстау керек. Бұл біріншіден серіктестікке пайдалы, екіншіден, егін өсіру тек маусымдық жұмыс. Жұмысшылардан айырылып қалмас үшін жыл сайын тоқтамайтын шаруашылық керек. Сонда ғана адамдар ауылда, жұмыста тұрақтап қалады. Осы мақсатпен аштық. Алғашқы аукционда сатылған «Гарик» деген бұқаның салмағы 475 келі тартты. Бағасы да 1 миллион теңгеден асып кетті. Қазіргі күні бұл істің пайдасын көріп отырмыз, - дейді Еркебұлан Мәмбетов. 

Қазіргі күні шаруашылықта симменталь және абердин ангус тұқымды ірі қараның саны 1,5 мыңнан асады. 2019 жылы құны 2,3 миллиард теңгені құрайтын сүт кешенін тұрғызған болатын. Бұл қаражаттың бір бөлігін «Аграрлық кредиттік корпарациясы» жеңілдетілген несие арқылы берді. «Шырша» деп аталатын сауын қондырғысы орналып, жұмыс автоматтық жүйеге көшті. Осының арқасында 2019 жылы 680,3 тонна сүт өндірсе, былтыр 3667,5 тоннаға жетті.   Өнімдерін «Маслодел» кәсіпорнына өткізеді. 

Ауыл шаруашылығы бизнес емес, жан қалауы – Еркебұлан Мәмбетов

Күн сайын сүт зауытына өңдеуге 10 тонна сүт өткіземіз. Жалпы, 1578 ірі қара мал болса, оның 889-ы сауын сиыр. Жылқы да өсіреміз. Екі қора салдық, сауын кешенін тұрғыздық, бұзау мен жас төлге арналған жеке прафилакторий бар. Осының бәріне жұмысшы керек. Сондықтан ауылда жұмыс бар ерінегенге, ауылда адамдар да көшпей, елді сақтап отырмыз, - дейді ол. 

Тасы өрге домалаған шаруашылыққа жыл сайын мемлекеттік қолдау көрсетіліп тұрады. Тек былтырғы жылы ғана 866 миллион теңге берілген. Оның 764,5-і егін, 101,5 мал шаруашылығын дамытуға бағытталған. 

Қазіргі таңда ауылда мамандардың тұрақтап қалуы үшін барлық жағдай жасалуда. Меңгесер ауылындағы ескі қонақүйді сатып алып, жас кадрларға баспана қылып бермек. Ауылға көшіп келуге ниетті мамандарға көтермеақы төлеуге де дайын. Осындай игі істердің бастамышысы Еркебұлан Мәмбетовтің есімі өңірге ғана емес, республикаға да танымал. 2019 жылы әлеуметтік саланы дамытуға қосқан үлесі үшін «Жомарт жүрек» номинациясының жеңімпазы атанған болатын.



Өзгелердің жаңалығы