Үй кезегіне тұрып, қалай баспана алуға болады

16 Ақпан 2024, 09:12
6846
Бөлісу:
Үй кезегіне тұрып, қалай баспана алуға болады
Фото: pixabay.com

Тұрғын үй кезегіне кімдер тұра алады? Ол үшін қандай құжаттар қажет? BAQ.KZ тілшісі осы және өзге сұрақтардың жауабын зерделеп, шолу жасады.

Осыдан бірер жыл бұрын тұрғын үй кезегіне тұру үшін әр мекемені жағалап жүріп, бір қап құжат жинап, "Тұрғын үй қорының" есіктерін тоздыруға мәжбүр болсақ. Қазір бұл қызмет цифрландырылды. Яғни, тұрғын үй кезегіне еш жерге бармай-ақ онлайн түрде kezekte.kz сайты арқылы тұруға болады.Бүгінгі материалымызда осы мәселеге жеке тоқталып, халықты ақпараттандыруды жөн көрдік.

Сонымен тұрғын үй кезегіне кімдер тұра алады?

  • Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары;
  • жетiм балалар;
  • көпбалалы отбасылар;
  • халықтың әлеуметтiк жағынан әлсіз топтары:
  • Ұлы Отан соғысының ардагерлері;
  • жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер;
  • басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері;
  • I және II топтағы мүгедектер;
  • мүгедек балалары бар отбасылар;
  • кейбiр созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратын адамдар;
  • зейнеткерлер;
  • қандастар;
  • экологиялық зiлзалалар, табиғи және техногендi сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйiнен айырылған адамдар;
  • мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттерiн, әскери қызметiн орындау кезiнде, қаза тапқан адамдардың отбасылары;
  • толық емес отбасылар.
  • мемлекеттiк қызметшiлер, бюджеттiк ұйымдардың қызметкерлерi, әскери қызметшiлер;
  • жалғыз тұрғын үйі ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен авариялық жағдайда деп танылған азаматтар.

Уақытша тіркелгендер тұрғын үй кезегіне тұра ала ма?

Қазақстан Республикасының азаматтарын республикалық маңызы бар қалаларда немесе елордада есепке қою үшін кемінде үш жыл тұрақты тұру талап етіледі. Демек уақытша тіркелген азаматтар тұрғын үй кезегіне тапсыра алмайды. Мәселен Астана қаласында тұрғын үй кезегіне тұрғысы келетін адамдардың кемінде үш жыл тұрақты тіркеуі болуы міндетті. 

Үй кезегіне онлайн түрде қалай тіркеле аламыз?

Тұрғын үй кезегіне тұру үшін тек электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) қажет. Енді kezekte.kz сайты арқылы кезекке тұруға қалай өтінім беруге болатынын көрейік. Бұл жерде Астана қаласы мысалға алынғанын ескертеміз.

1-қадам

Үй кезегіне тұрып, қалай баспана алуға болады
Фото: Астана қаласы "Тұрғын үй қорынан" алынды 

Ең әуелі kezekte.kz сайтына кіріп, тіркеуден өту керек.

Үй кезегіне тұрып, қалай баспана алуға болады

2-қадам

Тіркеуден өткеннен кейін бірнеше бөлім ұсынылады, соның ішінде SHANYRAQ қызметін таңдау қажет.

Үй кезегіне тұрып, қалай баспана алуға болады

3-қадам

Сайттың қазақша нұсқасы толығымен аударылып аяқталмағандықтан, бөлімдері орысша көрсетілген. Бұл жерде "Мои заявления" қызметін таңдайсыз.

4-қадам

"Подать заявление на постановку в очередь" батырмасын басып, кезекке қоюға өтінім береміз.

5-қадам

Бұл бөлімде кімнің атынан өтініш тапсыратыныңызды "на себя" немесе "за опекаемого" дегенді таңдайсыз.

6-қадам

Одан әрі ("Далее") батырмасын басасыз

7-қадам

"Администратор МИО" бөлімінде санатқа қарамастан "Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы" ММ-нің БСН 200340006724 тересіз. Ескерту! Егер сіз басқа өңірден тапсырып жатсаңыз, өз өңіріңіздің инспекциясын таңдайсыз.

Үй кезегіне тұрып, қалай баспана алуға болады

8-қадам

Сізге бірнеше санат ұсынылады. Соның бірін таңдаңыз.

9-қадам

Кей жағдайда ішкі санатты таңдау сұралады. Мәселен көпбалалы ана болсаңыз, ол "Алтын алқа", "Батыр ана" деген санаттарға бөлінеді. 

10-қадам

"Основание" бөлімінде "ҚР аумағында меншік құқығында тұрғын үйдің болмауын" таңдау қажет.

Үй кезегіне тұрып, қалай баспана алуға болады

11-қадам

"Сведения о членах семьи" бөлімінде өзіңізбен бірге тұратын отбасы мүшелерін [Добавить] батырмасын басу арқылы қосасыз. Одан әрі барлық деректі толтырып [Добавить] батырмасын және содан кейін [Далее] батырмасын басасыз.

12-қадам

Басқа адамдар өтініш берушінің отбасы мүшелері деп танылған жағдайларда "Документальное подтверждение сведений" бөлімінде сот шешімінің және тағы басқа растайтын құжаттар көшірмесін қоса аласыз.

Үй кезегіне тұрып, қалай баспана алуға болады

13-қадам

"Сведения о месте работы" бөлімін "Мемлекеттік қызметші" ретінде тұрғын үйге кезекке тұрғысы келетін өтініш берушілер ғана толтырады.

Үй кезегіне тұрып, қалай баспана алуға болады

14-қадам

Үй кезегіне тұрып, қалай баспана алуға болады

 

"Сведения о дополнительных доходах" бөлімінде қосымша кіріс болса [Добавить] батырмасы арқылы деректерді толтырасыз және [Далее] батырмасын басасыз.

15-қадам

Одан әрі ["Сохранить"] батырмасын басасыз және құжаттарға қол қойып әкімшілікке жібересіз.

16-қадам

Өтінімге Электронды цифрлы қолтаңба арқылы қол қойылады.

Үй кезегіне тұрып, қалай баспана алуға болады

Өтініш берушінің кірісі, мекенжай анықтамасы туралы барлық басқа мәлімет деректер базасында көрсетіледі.

Кезекке қою туралы өтінішіңіз 15 жұмыс күні ішінде қаралады және сіздің ұялы телефоныңызға қарау нәтижесі туралы SMS-хабарлама – 1414 нөмірінен жіберіледі, - деп ескертті тұрғын үй қорындағылар.

Тұрғын үй қорынан баспана қалай беріледі?

Сонымен үй кезегіне тұру туралы берген өтінішіңіз қабылданды делік. Енді баспана қалай беріледі деген сұрақ туындайды. "Тұрғын үй қатынастары туралы" заңның № 67, 74, 80 баптарының нормаларына сәйкес Коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үй осы елді мекенде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының мұқтаж азаматтарына жергілікті атқарушы орган, мемлекеттік мекеме не кәсіпорын арасында жасалған жалдау (жалға алу) шарты бойынша барлық қажетті құжаттармен өтініш берілген кезден бастап тізімдерде белгіленген кезектілік тәртібімен беріледі. Дегенмен,  "Тұрғын үй қоры" жаңалықтарын бақылап отыру қажет. Себебі кей кезде несиелік тұрғын үйлер беріледі.  

Қандай жағдайларда тұрғын үй кезегінен шығарылады?

"Тұрғын үй қоры" кезектегі азаматтарды үнемі тексеріп отырады. Тіпті мемлекеттен жалға берілген баспананы алған күннің өзінде азаматтардың жеке деректері тексеріледі. Егер атында баспана анықталса, жалға берілген үйден шығарылады.  Бұдан бөлек:

1) егер мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй беру үшін негіздер жойылса;

2) басқа елді мекенге тұрақты тұруға кеткен немесе мемлекеттік кәсіпорында немесе мемлекеттік мекемеде еңбек қатынастарын тоқтатқан жағдайларда тоқтатылады;

3) азамат мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаждығы туралы шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтер ұсынған жағдайларда тоқтатылады;

4) жер учаскесін алған және өзінің тұрғын үйін салуды аяқтаған немесе тұрғынжай сатып алған кезде;

5) сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай алған жағдайларда берілмейді.

Айта кетейік, әр өңірдің, әр қаланың кезекке қою ережелері әртүрлі.  Мәселен есепке қойған кезде және тұрғын үй берген кезде азаматтардың соңғы бес жылдың ішінде Қазақстан аумағында меншiк құқығында тұрғын үйi болмауы қажет.

Тағы бір ескерер жайт көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар және халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарының (жетім-балалар мен мүгедек балалардан басқасы) жиынтық орташа айлық кірісі тұрғынжай беру туралы өтініш жасау алдындағы соңғы 12 айда отбасының әрбір мүшесіне республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшерінен төмен болуға тиіс.

Өзгелердің жаңалығы