Үй айналасына бөлінген қаржы желге ұшты

5 Мамыр 2023, 19:26
1068
Бөлісу:
Үй айналасына бөлінген қаржы желге ұшты
Фото: автордан

Атырауда тұрғындардың қыруар қаржыға сатып алған баспаналары көңілден шықпады. Себебі нысан айналасын абаттандыруға бөлінген ақша басқа мақсатқа жұмсалып кеткен, деп хабарлайды Атырау облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Нұрсая ықшам ауданындағы 9 қабатты бұл үй 2021 жылы сатыла бастаған. Қазір кемі 200 ден астам пәтер қолданыста. Элиталы тұрғын үйдің құрылысына жауапты «Модерн Строй» жшс әу бастағы жобада алаңда бірнеше ойын алаңы, спорт алаңы және көлік тұрағы болады деген. Нысан айналасы қоршалып, жасыл желек егіледі деп сендіріпті. Түптеп келгенде есік алдында сапасы нашар, қираған ойын алаңынан басқа ештеңе жоқ.

Үй айналасына бөлінген қаржы желге ұшты

Біз бұл жерге 2021 жылы көшіп келдік. Сатып алған кезде бізге мүлде басқа ауланың суретін көрсетті. Ол жердегі көріністің бәрі көңілден шықты. Бірақ қазір ол жобадағы заттардың бірі де жоқ. Мына тұрған ойын алаңы өте сапасыз. Қирап жатыр. Үй айналасында ешқандай қоршау жоқ. Кез-келген көлік кіріп-шығады.Егіледі деген тал да жоқ. Бізге осының бәрін реттеп берсін. Бұл үйге 30 млн теңгеден астам ақша жұмсадық. Аз қаржы құйған жоқпыз. Сол себепті өз талабымыздың орындалуын сұраймыз,-дейді тұрғындардың бірі Айман Дәулетиярова.

Бұқара базынасын айтып жауаптылардың бәріне барған. Тоздырмаған табалдырық қалмапты. Құрылыс компаниясы олқылықты реттеуге уәде бергенімен, қазір ешқандай жұмыс көрінбейді.

Жарнамада көрсетілген үйге мүлдем сәйкес келмейді. Ойын алаңы жоқ. Есік алдындағы орындық пен қоқыс жәшіктері де құлайын деп тұр. Салынбаған шлагбаумның кесірінен жақын арада кішкентай баланы көлік қағып кетті. Сол себепті бұл кемішілктердің бәрін реттеп берсін,-дейді қала тұрғыны Әліби Байжанов.

Үй айналасына бөлінген қаржы желге ұшты

Шу шығарған тұрғындармен кездесуге «Модерн Строй» ЖШС өкілдері келмеді. Тіпті байланысу да мүмкін болмады. Ал әкімдіктегілер болса үй маңын абаттандыруға бөлінген миллиондар басқа бағытқа жұмсалып кетті деп мойындады.

Бұл мәселеден хабардармыз. Үйді өз көзімізбен көрдік. Біздің басқарма тарапынан құрылыс компаниясы да, қалалық құрылыс бөлімі де әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Шаралар қолданылды. Шынымен де нысан айналасына бөлінген ақша басқа бағытқа жұмсалып кеткен.Сол себепті жұмыс аяқталмай қалған. Енді тұрғындар сотқа шағымданып, сол арқылы міндеттей алады.

«Модерн Строй» ЖШС 9 қабатты бұл тұрғын-үйден бөлек, қалада тағы 3 баспана құрылысын жүргізіп жатыр екен. Шенділер ол нысандар бойынша әзірге шағым жоқ дейді. Проблеманы шешу жауапты мекемелердің қолынан келмеді. Сол себепті тұрғындар қаржыны өзге бағытқа жұмсағандардың бәрін сотқа бермек. Олқылықтың орнын толтыруға міндеттемек. Қазір заңгер де жалдап қойған.

Өзгелердің жаңалығы