Үстірт мемлекеттік табиғи қорығынан Қызыл кітапқа енген, сирек кездесетін өсімдік табылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінен хабарлағандай, 2025 жылғы 18-21 сауір аралығында Үстірт мемлекеттік табиғи қорығы ғылым, ақпарат және мониторинг бөлімінің аға ғылыми қызметкері А.Пулатов ғылыми-зерттеу жұмыстары барысында Қызыл кітапқа енген «Майда қатыран» өсімдігін анықтаған.
Майда қатыран – сирек кездесетін, таралуы шектеулі түр. Тұран провинциясының эндемигі, реликт түр. Бұл өсімдік тұқым арқылы көбейеді. Сәуір-мамыр айларында гүлдеп, мамыр-маусымда жеміс береді, – деп жазылған комитет хабарламасында.
Бұл өсімдіктің тіркелуі ботаника ғылымы үшін маңызды жаңалық және Үстірт өңірінің қайталанбас экожүйесін сақтау қажеттілігін көрсетеді.
Қорық мамандары өсімдіктің таралу аймағын зерттеуді әрі қарай жалғастырады.