Астана, Baq.kz тілшісі. ҚР Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева мұғалімдерге дәптер тексерген үшін берілетін үстемеақы 3 есеге дейін өсуі мүмкін екенін мәлім етті.
Оның айтуынша, «Мұғалімдер мәртебесі» туралы заң жобасын дайындауға ұстаздардан 40 мыңнан астам ұсыныс келіп түскен.
Осы орайда вице-министр аталған құжатта мұғалімдердің үстемеақысы 3 есе дейін өсіру қарастырылғанын жеткізді.
«Заң жобасы аясында бірнеше үстемеақының түрін қарастырдық. Мысалы, осыған дейін бастауыш мектептің сынып жетекшісі 4 мың теңге үстемеақы алып келді. Оны біз 9 мың теңгеге көтергіміз келеді. Ал жоғары сыныптар оқушыларының дәптерін тексергені үшін берілетін 5 мың теңгені 9 мың теңгеге дейін көтеруді қарастырудамыз. Мұғалімдер дәптер тексергені үшін үнемі шағымданады. Себебі, сыныптағы оқушылардың саны көп. Негізінен мәселе осы екі үстемақыға байланысты», - деді Эльмира Суханбердиева елордадағы №59 мектепте өткен қоғамдық тыңдау барысында.
Сонымен қатар ол аталған заң жобасын мемлекеттік органдарға жіберілгенін хабарлады.
Осыған дейін мұғалімдер қашан зейнетке шыға алатынын, мұғалімдердің еңбегін заңсыз пайдаланғандар жазаға тартылатынын және заңның қашан қабылданатынын жазғанбыз.
Айта кетейік, өткен жылы Елбасы Қазақстан халқына Жолдауында үкіметке мұғалім мәртебесі туралы заң жобасын дайындауды тапсырды.
Ал Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева Сенатта өткен Үкімет сағатында аталған заң жобасының дайындала бастағанын мәлімдеген.