«Ұшақпен шұғыл жеткізілді»: Астанада бозбалаға күрделі ота жасалды

8 Маусым 2023, 12:45
805
Бөлісу:
«Ұшақпен шұғыл жеткізілді»: Астанада бозбалаға күрделі ота жасалды
Фото: BAQ.KZ Архив

Астана қаласының №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасында Ақтау қаласынан елордаға санавиациямен жеткізілген 17 жастағы бозбалаға ота жасалды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы аурухананың баспасөз қызметі мәлімдеді.

Бозбала 19 мамырда Маңғыстау облысының орталығында жол апатына ұшыраған еді. Ол 16-17 шағынаудандағы бағдаршам қиылысында мопедпен келе жатып, автокөлікпен соқтығысқан. Соның салдарынан екі аяғының ортан жіліктері мен оң білегі сынған. Жол апатынан зардап шеккен азамат Ақтау облыстық ауруханасына жатқызылып, одан кейін санавиациямен Астанаға жеткізілді.

Астанаға келген бетте ол №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасына жатқызылды. Медициналық мекеменің травматология бөлімшесінің меңгерушісі Арслан Дүйсенбаевтың айтуынша, оның екі ортан жілігі аса ауыр жарақаттанған.

Жасөспірім мен бозбалада мұндай жарақат сирек кездеседі. Бес күн бойы ол Ақтау ауруханасының реанимациясында жатты. Бізге Ақтаудың дәрігерлері хабарласқан соң, суреттен баланың жағдайын қарап, ауруханаға ауыстыру туралы шешім қабылдадық. Оның жағдайы қиын болып, басқа көлікпен тасымалдау мүмкін болмағандықтан ұшақпен жеткізілді, – деді ол.

Пациент көп қан жоғалтып, екінші дәрежелі жарақаттық шок алған.

Ол бізге 26 мамырда әкелінді. Сол күні бір аяғына ота жасалды. Шынын айтқанда ота өте қиын болды. Ұзақ жасалды. Бірден екі отаны көтере алмайтын болғандықтан, екіншісін кейін жасауды шештік. 3-4 күннен кейін жағдайы ептеп жақсарған соң, екінші аяғына ота жасадық, – деді дәрігер.

Ақтауда пациентке сынықты тұрақтандыратын сыртқы бекіту аппараты орнатылды. Елордалық дәрігерлер реконструкция-қалпына келтіру отасын жасады.

Біз жарақаты аз ота жасай алдық. Сол аяғына пластинаны да, штифті де салдық. Өзек ішіне гамма шеге орнаттық. Яғни, оң аяққа интрамедулярлы бұғаттаушы остеосинтез, ал сол аяққа экстрамедулярлы құрама остеосинтез жасадық. Операцияда сүйек жүйесін көруге мүмкіндік беретін электронды оптикалық түрлендіргіш – динамикалық рентген аппараты қолданылды. Бір ортан жілік бірнеше жерден сынған, төменгі жағында сүйек бірнеше бөлікке ұсақталған, ал жоғарғы үштен бір бөлігінде көлденең жарықшақты сынық болды. Оң ортан жілігі бір жерден сынған, бірақ жарықшақтанған сынық болды. Операцияда перидуральды анестезия қолданылды, – деді ол одан әрі.

Меңгерушінің айтуынша, сынықтар өте қиын болған. Балалар мен жасөспірімдерде мұндай сынықтар аса сирек кездеседі. Ал пациентте жасына сай сүйек қаңқасы қалыптасқан.

Қазір бозбаланың жағдайы жақсарды, – деді дәрігер сөз соңында.

Енді пациент келесі аптаның басында үйге шығуы мүмкін. Дәрігер оның уақытша балдақпен жүретінін айтты. Ал пациенттің әкесі ұлының аяқтарын аман қалдырғаны үшін барлық дәрігерге алғысын айтып, №2 КҚБА баласының сауығуы үшін қолда бар мүмкіндіктің бәрін жасап, бар күш-жігерін салғанын атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы