«Ұшақпен бірдей»: ҚТЖ пойыз билеттерінің көтерілуіне қатысты жауап берді

Компания өкілінің айтуынша, биыл билет бағасы 7%-ға ғана өскен, ал өткен жылғы инфляция 12%-дан асқан.

 ©BAQ.KZ архив Бүгiн 2026, 13:13
Бүгiн 2026, 13:13
145
Фото: ©BAQ.KZ архив

Қазақстанда пойыз билеттерінің бағасы неліктен көтерілгені белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл сұраққа Үкіметте өткен брифингте «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Әнуар Ахметжанов жауап берді.

Журналистер кейбір қазақстандық пойыз билетінің бағасы тіпті ұшақ билеттерімен шамаласып қалғанын алға тартты. Алайда компания өкілі билет бағасы жиі көтеріледі деген пікірмен келіспейтінін айтып, олардың құны жыл бойы тұрақты болып қалатынын мәлімдеді.

Компания басшылығы пойыз билеттерінің бағасы маусымға немесе тәулік уақытына байланысты өзгермейді және жыл бойы бір деңгейде сақталады. Дегенмен «ҚТЖ» Көлік министрлігімен жасалған келісімге сәйкес жыл сайын индексация жүргізеді.

Биыл 1 сәуірден бастап билет бағасы 7 пайызға көтерілді. Бұл ретте өткен жылғы инфляция деңгейі 12 пайыздан асқанын атап өткім келеді. Яғни бұл жағдайда индексация инфляция деңгейіне толық сәйкес келіп отырған жоқ, – деді басқарма төрағасының орынбасары.

Сондай-ақ Ахметжанов пойыз бен ұшақ билеттерінің бағасын салыстыру дұрыс емес екенін айтты. Оның сөзінше, сұраныс жоғары кезеңдерде әуе билеттерінің құны 70-100 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін, ал пойыз билеттерінің бағасы тұрақты болып қала береді.

Әуе тасымалында сұраныс пен ұсынысқа байланысты билет бағасы өзгеретін динамикалық тарифтік басқару жүйесі қолданылады. Көп жағдайда әуе билеттерінің құны теміржол билеттерінен әлдеқайда қымбат болады. Мұны кез келген сайттан тексеріп көре аласыздар, – деп жауап берді Әнуар Ахметжанов.

Наверх