Бейжіңде шағын ұшақ CITIC Tower (China Zun) зәулім ғимаратына соғылды.
CNN мәліметінше, бұл – Қытай астанасындағы ең биік ғимарат.
Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбалардан ғимараттың жоғарғы қабаттарынан құлаған бөлшектерді, әуе кемесінің құйрық бөлігін және жерде зақымданған такси көлігін көруге болады.
Куәгерлердің айтуынша, оқиғадан кейін зәулім ғимараттан адамдар эвакуацияланған. Ғимарат маңына жиналған тұрғындардың жанында өрт сөндіру қызметі, полиция және жедел жәрдем көліктері жұмыс істеген.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ұшақтың тіркеу нөмірі оның жергілікті авиациялық компанияға тиесілі қытайлық Sunward SA 60L Aurora жеңіл спорттық ұшағы екенін көрсетеді. Сондай-ақ әуе кемесінің ұшу бағыты айтарлықтай ауытқыған болуы мүмкін екені айтылып отыр.
Қытайдың ресми билігі әзірге оқиғаға қатысты толыққанды түсініктеме берген жоқ.