Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Талғар ауданы Әлмерек ықшам ауданы маңында болған ұшақ апатына Алматы облысының 16 және Алматы қаласының 15 жедел жәрдем бригадасы жұмылдырылды.
Бұл туралы Алматы облысы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.
Таңғы сағат 7:43 кезінде 103 пультіне ұшақ құлағаны жайлы қоңырау шалынды. Оқиға орнына Алматы облысына қарасты Талғар ауданынан 5 бригада, Іле ауданынан 6 бригада, Боралдай ауылынан 2 және Еңбекшіқазақ ауданынан 3 жедел көмек бригадасы жұмылдырылды. Оның үстіне Алматы қаласынан тағы 15 бригада бөлінді, - делінген хабарламада.
Сондай-ақ, Іле, Талғар, Еңбекшіқазақ және Алматы көпфункционалды ауруханалары зардап шеккендерді қабылдауға дайын екені айтылған.
Сағат 9.00 шамасында Алматы көпфункционалды клиникалық ауруханасына ауыр халдегі 5 адам жеткізілген. Олардың көбі бас-ми соққысын алғандар, тіптен ішінде жүкті әйелде бар, - делінген хабарламада.
Еске салсақ, 27 желтоқсанда сағат 07:05-те Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына 2100 рейсімен ұшып шыққан Bek Air әуе компаниясының ұшағы радардан жоғалып кетті. Ұшақ Қызыл ту ауылына құлады. Бортта 95 жолаушы және 5 экипаж мүшесі болған. Ресми дерек бойынша 14 адам қаза тапқаны айтылды. Ауруханаға 24 адам жеткізілді. Қасым-Жомарт Тоқаев қаза болған адамдардың отбасына көңіл айтты.
Сонымен қатар, ұшақ апатынан зардап шеккендердің тізімі жарияланды.
Жеке кәсіпкер Бауыржан Самен бастаған үш адам бүгін апат болған ұшақпен Нұр-Сұлтан қаласына ұшулары керек болған, алайда жұмыстары бітпей олар қалып қойыпты.