Үш жылдық мораторий, суперкомпьютер және салық өзгерістері: Бизнесті не күтіп тұр?

Сонымен қатар кәсіпкерлерді ұзақ мерзімді жеңілдетілген қаржыландыру және мемлекеттік қызметтерді цифрландыру жоспарланып отыр.

 gov.kz 3 Қараша 2026, 10:57
3 Қараша 2026, 10:57
171
Фото: gov.kz

Қазақстанда микро және шағын бизнес субъектілерін тексеруге үш жылдық мораторий енгізудің мақсатқа сәйкестігі туралы шешім қабылданады. Бұл бақылау жүйесін қайта қарау және реттеудің цифрлық моделіне көшу үшін қажет. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айтуынша, Мемлекет басшысының биылғы 28 қазандағы Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасында шағын және орта бизнесті дамытуға жеке бағыт бөлінген.

Биыл жыл соңына дейін Орта кәсіпкерлікті дамыту жоспары бекітіледі. Құжат кәсіпорындарды ұзақ мерзімді жеңілдетілген қаржыландыруды және технологиялық жаңғыртуды қамтамасыз ету бойынша шаралар кешенін қарастырады, – деді Серік Жұманғарин.

Оның сөзінше, бақылау жүйесін қайта жүктеу және реттеудің цифрлық моделіне көшу үшін микро және шағын бизнес субъектілерін тексеруге үш жылдық мораторий енгізу мәселесі қаралады. Бұл ретте мораторий енгізудің мақсатқа сәйкестігі туралы шешім қабылданады.

Цифрлық экономиканы дамыту аясында үшінші суперкомпьютерлік кластерді пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен қатар жасанды интеллектіні коммерцияландыру және блокчейн технологияларын белсенді дамыту көзделіп отыр.

Халықтық цифрлық экономика» бағыты ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу мүмкіндіктерін де қамтиды. Атап айтқанда, өнімдерді маркетплейстер мен сауда желілері арқылы сатуға жағдай жасалады. Макроэкономикалық саясатта мемлекеттік бюджетті консервативті әрі шынайы макроэкономикалық болжамдар негізінде қалыптастыруға басымдық беріледі. Заңнамалық қамтамасыз ету бағытында ағымдағы жылдың соңына дейін Құрылтайға «Капитал нарығы туралы» заң жобасы ұсынылады. Сондай-ақ бизнестің ұсыныстарын ескере отырып әзірленген салық заңнамасына нақты өзгерістер енгізіледі, - деді вице-премьер.

2027 жылы қаржы нарығын дамытудың бірыңғай стратегиясы туралы Жарлық бекітіледі. Бұл бағытта Қазақстан қор биржасы (KASE), Астана халықаралық қаржы орталығы және Alatau City арасындағы серіктестікті нығайту көзделген.

Қаржы жүйесін кешенді жаңғыртудың қорытынды кезеңі мемлекеттік қазынашылық жүйесін толық цифрландыру болады.

Вице-премьер мәлімдегендей, аталған бастамалар Жолдауды іске асыру жөніндегі жалпыұлттық жоспар жобасындағы 12 бағыттың бір бөлігі саналады. Жалпы құжат 96 іс-шарадан тұрады, оның 80-і Үкіметке жүктелген.

Наверх