Үш ұзынның "сирақты примасы" қызтеке екен: Депутат киіз үйде ЛГБТ насихаттағандар туралы

19 Маусым 2024, 12:22
3464
Бөлісу:
Үш ұзынның "сирақты примасы" қызтеке екен: Депутат киіз үйде ЛГБТ насихаттағандар туралы
VIDEO
Фото: скрин

Мәжіліс депутаты Самат Мұсабаев киіз үйде ЛГБТ-ны насихаттап, желіні шулатқандарға шара қолданылуы қажет екенін айтып Ұлттық қауіпсіздік комитетіне сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат киіз үй бабадан қалған ең қастерлі мұрамыздың бірі екенін айтты. Мұсабаевтың сөзінше, сан ғасыр бойы хандарымызға еңсесі биік ақ орда, халқымызға құт ұялаған баспана болған сол киіз үйге ақпараттық шабуыл да басталды.

Күні кеше оюлаған киіз үйде ұлттық киім киіп, жартылай жалаңаштанып ойқастаған үшеудің әлеуметтік желіні шарлаған бейнеролигі исі қазақтың ашу-ызасын тудырып отыр. Халықтың бұған наразылығы әбден орынды. Ең аяулы дүниеңді аяққа таптаса, ұлттық киіммен жалаңаштанса, төріңде әуретін ашып тайраңдаса, бұл бүкіл ұтты, дені қазақ, рухы биік елімізді қорлаумен пара-пар. Ең сорақысы – әлгі жын-ойнақтаған үш ұзынның ортадағы “сирақты примасы” қызтеке екен, - деді Самат Мұсабаев.

Мәжілісмен мұны халқымызға қарсы мысық тілеулі, теріс ниеттілердің алдын ала жете ойластырып, қазақы дүниені, ұлттық құндылықтарды құнсыздандыруға, мазақ етуге бағытталған қасақана жаулық әрекеті деп түсіну керегін айтты.

Тал түсте төрімізде тайраңдағаны – нағыз басынғандық. Олар бүгін төрімізде тайраңдаса, ертең төбемізде ойнамасына кім кепіл?! Сондықтан бұған көз жұмып қарап, жай қалдыра салуға болмайды. "Албасты қабаққа қарап басады" деген. Бұл біріншіден, қоғамның осы әрекетке қалай үн қататынын байқайын деген астыртын сыр тарту тәсілі болса, екіншіден, ЛГБТ насихатына тосқауыл қоймақ талапқа деген ашық қарсылық, үшіншіден, өскелең буынды өз ұлттық құндылықтарынан жеріндіру әрекеті. Бұл мәселені біз бір топ депутат былтыр Мәжіліс мінберінен көтеріп, барлық платформаларда, әлеуметтік желілерде ұлттық мәдениетімізге сәйкес келмейтін ақпараттық өнімдерді таратуға тыйым салуға, теріс ағымдарды насихаттайтын ақпарат көздерінен сақтайтын заң нормаларын әзірлеуді ұсынған болатынбыз, - деп айтты ол.

Депутат атап өткендей, жақында қоғам белсенділері E-petition.kz мемлекеттік платформасында ЛГБТ насихатына қарсы петиция жариялаған еді. Небәрі 2 аптада осы талапты қолдап, 50 мың қол жиналды. Бұл – ЛГБТ-нің елімізге қажетсіз әрі жат құбылыс екендігінің, оған халықтың ашық қарсылығының анық көрінісі.

Мұсабаев алда өтетін петиция қорытындысын қарау отырысына қоғам белсенділерін, ұлт жанашырларын белсене қатысуға шақырды.

Бейнероликтегі ұлттық құндылықтарымызды қорлау көрінісі – әбден шектен шыққандық. Сондықтан құқық қорғау органдары бейнеролик кейіпкерлерін, оларды ұйымдастырушыларды, түсіру тобын, идея авторларын тауып, заңға сәйкес қатаң жазалау қажет деп санаймыз. Бұдан былай ұлттық құндылықтарымыз – домбыра, қобыз, киіз үй, ұлттық киім, ұлттық тағам секілді асыл жәдігерлерімізді қандай-да теріс мақсатта пайдалану, мазақ ету – ұлт намысына қол сұғу, ұлттың беделін түсіруге бағытталған қылмыстық әрекет деп бағаланып, қылмыстық жауаптылықпен жазалануы тиіс, - деп санайды ол.

Мәжіліс депутаты Самат Мұсабаев Қазақстан Республикасының Бас Прокуратурасына, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне бейнеролик бойынша құқықтық баға беріп, оған қатысты нақты шара қолдануды сұрады.

Еске салсақ, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева киіз үйде би билеп, бейәдеп әрекетімен қоғам назарын аудартқан бейнеролик туралы пікірін білдірген еді.

Өзгелердің жаңалығы