1-4 қазан аралығында Халықаралық қарттар күніне орай «Үш ұрпақ – ортақ мұрат» республикалық фестивалі өтеді. «Әділет» партиясы ұйымдастырған бағдарлама аясында 3,5 мыңнан астам адам қатысатын 20 іс-шара жоспарланған.
Фестивальдің мақсаты – ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, аға буынның өмірлік тәжірибесі мен білімін жастарға жеткізу. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та аға буынның қоғамдағы орнына, жастарға тәлім-тәрбие берудің және өмірлік тәжірибені кейінгі ұрпаққа жеткізудің маңыздылығына бірнеше рет тоқталған еді.
Астанадағы «Жетісу» саябағында өткен орталық іс-шарада «Әділет» партиясы төрағасының орынбасары Ержан Жылқыбаев үлкенге құрмет мерекелік күндермен шектелмеуі тиіс екенін атап өтті.
«Еліміздің бүгінгі жетістіктерінің негізін аға буын қалады. Оның артында ондаған жылдық еңбек, білім мен мол өмірлік тәжірибе тұр. Біздің міндетіміз – осы байланысты үзбеу. Жастар өз тамырын біліп, үлкендердің еңбегін құрметтеп, тәжірибесін бойына сіңіруі керек. Ал аға буын қоғам өміріне белсенді араласуын жалғастырғаны маңызды. Ұрпақтар сабақтастығы құрмет, жауапкершілік, еңбекқорлық, ынтымақ пен отансүйгіштік сияқты ортақ құндылықтарымызды нығайтады»,- деді Ержан Жылқыбаев.
Фестиваль аясында дәстүрлі концерттермен шектелмей, әр өңірде түрлі буын өкілдері бас қосатын ашық алаңдар ұйымдастырылды. Қатысушылар спортпен шұғылданып, ұлттық ойындар ойнайды, шығармашылық кездесулер өткізіп, тәжірибе алмасады.
Мәселен, Шымкенттегі Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында 30-ға жуық қарт шахмат, дойбы, бильярд және үстел теннисінен жарысты. Павлодарда еңбек ардагерлері арасында бильярдтан турнир өтті. Оған Павлодар мен Ақтоғайдан келген 65-88 жас аралығындағы 17 адам қатысты.
Фестивальдің тағы бір бағыты – ұрпақтар диалогы. Қатысушылар отбасы, тәрбие, еңбек пен жауапкершілік, ұлттық дәстүрлер және кейінгі ұрпаққа аманат етілуге тиіс құндылықтар туралы пікір алмасады.
«Цифрлық ата, цифрлық әже» алаңында жас волонтерлер қарттарға цифрлық сервистерді қолдануды үйретіп, интернеттегі қауіпсіздік пен алаяқтықтан қорғану жолдарын түсіндіреді. Ал «Болашаққа бағдар» алаңында қатысушылар келер ұрпаққа арнап тілектерін жазып, бейнеүндеу жолдайды.
Фестиваль бағдарламасына тоғызқұмалақ, асық ату, дәстүрлі қолөнермен танысу және бірлескен шығармашылық қойылымдар да енген. Астанада 65-81 жас аралығындағы өнерпаздардан құралған «Есіл толқындары» халықтық ардагерлер ансамблі өнер көрсетті. 2017 жылы құрылған ұжым Қазақстанның әр өңірінде гастрольдік сапармен концерттер өткізеді.
Фестивальге аға буын өкілдері мен жастар, депутаттар, партия белсенділері және волонтерлер қатысып жатыр. Өңірлердегі іс-шараларды ұйымдастыруға партияның «Жастар Рухы» жастар қанаты мен «Жас Ұлан» ұйымы да атсалысып жүр.
Аға буын өкілдерін қолдау «Әділет» партиясының 2026-2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасындағы басым бағыттардың бірі. Бағдарламада белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарын дамыту, ауруларды ерте анықтау мен ұзақ мерзімді күтім жүйесін жетілдіру көзделген. Сондай-ақ тәжірибелі зейнеткерлерді тәлімгерлікке, волонтерлікке және қоғамдық жұмыстарға тартуға мән беріледі.