Үш күнде Бурабайдың әр бөктерінде 7 рет от тұтанған

19 Шілде 2023, 09:41
963
Бөлісу:
Үш күнде Бурабайдың әр бөктерінде 7 рет от тұтанған
Фото: ПІБ

Шіліңгір шілденің ми қайнатар ыстығынан орманды жерлерде өрт шығып жатыр.13-16 шілде аралығында Бурабайдың әр бөктерінде 7 рет от тұтанған, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Абырой болғанда, орманды күндіз-түні қорып жүрген қырағы көз инспекторлар тілсіз жаудың дендеуіне жол бермеді.

Апат айтып келмейтіндіктен әбігерге салмай кетпейтіні тағы бар. 

Бурабайдағы өрт кезінде 1,7 га аумақты жалын шарпыды десек, оның 0,5 га орман алқабы. «Бурабай» МҰТП қарауындағы аумақ ну орманды ғана емес, таулы-тасты болып келеді. Қалың от жазық жерлерді ғана емес, көлік қатынауы қиын беткейлерге дейін қаулаған. Мұндай жағдайда орманшылар мен өрт сөндірушілердің іс-әрекеті ептілікті, шапшаңдықты ғана емес, қажырлы еңбекті талап етеді. Осы тұрғыдан алғанда инспекторлардың өз кәсібіне деген адалдығы тәнті етерлік. Халқымыздың бағына бұйырған табиғат кереметін тілсіз жаудан сақтап қалу жолында тер төккен барлық азаматтарға алғысым шексіз, - дейді Қазақстан Республикасы Президент Іс басқарушысы Айбек Дадеваев.

Орайы келгенде айта кететін бір жәйт, «Smart National Park Burabay» жүйесінің апат жағдайында аса қажет дүние екені тағы бір мәрте дәлелденді. 

«Smart National Park Burabay» - тілсіз жауды дер кезінде анықтайтын және алдын алуға септігін тигізетін электрондық жүйе. Осы жобаның арқасында Ұлттық парктің жедел басқару орталығындағы қызметкерлер жағдайды нақты бағамдай отырып, өртті сөндіруге қосымша күштерді тарта алды,  - дейді Қазақстан Республикасы Президент Іс басқарушысы Айбек Дадеваев.

«Бурабай» МҰТП бұл тәжірибесі еліміздегі басқа да ұлттық парктерге үлгі болуға жарап тұр. Себебі, бұл жаңа технологиялар орманды алқапты көздің қарашығындай қорғаудың әзірге бірден-бір амалы болып отыр.

Өзгелердің жаңалығы