Ұрлық, бопсалау және есірткі: ҰҚТ-ға қатысты 45 іс сотқа жолданды

Жыл басынан бері Қазақстан соттарында ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелеріне қатысты істер қаралып, олардың бірқатарына ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

 ҚР ІІМ 27 Қыркүйек 2026, 15:14
27 Қыркүйек 2026, 15:14
159
Фото: ҚР ІІМ

Биыл ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелеріне қатысты 45 қылмыстық іс сотқа жолданды.

ІІМ мәліметінше, ҰҚТ қызметіне қарсы күрес аясында құқық қорғау органдары қылмыстық әрекетке қатысы бар барлық тұлғаны анықтап, олардың заңсыз әрекеттерін құжаттайды. Жиналған материалдар кейін сотқа жолданады.

Мәселен, Қарағанды облысында сот өңірдегі тау-кен байыту кәсіпорындарынан тауарлық-материалдық құндылықтарды ұрлаумен айналысқан қылмыстық қауымдастықтың ұйымдастырушысы мен 10 мүшесіне қатысты үкім шығарды. Оларға 13 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сондай-ақ өңірде ірі қала құраушы кәсіпорынның аумағынан жасырын алаяқтық схемаларды пайдалана отырып мүлік ұрлауға қатысы бар ҰҚТ басшысы мен төрт мүшесі сотталды. Олар 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.

Алматыда ҰҚТ-ның 13 мүшесі сегіз жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Олар автокөліктерді заңсыз тіркеуге, VIN-кодтар мен ақпараттық жүйелердегі деректерді өзгертуге, сондай-ақ көлік құралдарын сату кезінде алаяқтық жасауға қатысы бар деп танылды.

Астанада есірткі өткізгені үшін ҰҚТ ұйымдастырушысы мен бес мүшесі сотталды. Ұйымдастырушы 17 жылға, оның сыбайластары 16 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.

Қызылордада кәсіпкерлерді қоса алғанда, бірқатар азаматтан жүйелі түрде ақша бопсалаған жергілікті қылмыстық орта өкілдерінің сегізі сотталды. Тергеу барысында оларға ҰҚТ қызметін ұйымдастыру және оған қатысу айыбы тағылды. Сот олардың әрқайсысына 11 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

ІІМ ұйымдасқан қылмыстық топтардың қызметін анықтау және жолын кесу жұмыстары жалғасып жатқанын атап өтті. Ведомствоның мәліметінше, негізгі міндет – заңсыз әрекеттердің жолын кесумен қатар, қылмыстық топтың әрбір мүшесінің заңда белгіленген жауапкершілікке тартылуын қамтамасыз ету.

Наверх