Елімізде 2013 жылдан бері Мемлекет басшысының бастамасымен атап өтілетін Еңбек күні қарсаңында Премьер-министр Олжас Бектенов «Еңбек – ел мұраты» іс-шарасына қатысты. Іс-шара барысында ол халықты жұмыспен қамту, кадр даярлау және жасанды интеллект элементтері қолданылатын өндірістік қауіпсіздік салаларында атқарылып жатқан жұмыстармен және заманауи шешімдермен танысты.
Іс-шарада жұмыспен қамтудың цифрлық қызметінің платформасы таныстырылды. Ол жұмыспен қамтылмаған азаматтарды автоматты түрде анықтап, оларға жұмыс ұсынады. Пилоттық жоба Павлодар және Маңғыстау облыстарында 59 мыңнан астам азаматты қамтыды. Қараша айынан бастап жүйені басқа өңірлерге де енгізу жоспарланып отыр.
Астана қаласының әкімдігі Joltap бағдарламасының нәтижелерімен таныстырды. Бағдарлама аясында 22,2 мың адам жұмысшы және цифрлық дағдыларға оқытылып, олардың кейіннен бизнес бастауына немесе фриланс саласында жұмыс істеуіне мүмкіндік берілді. Олардың 60%-ы жұмысқа орналасты, шамамен 2 мың адам шағын кәсібін ашты.
Техникалық және кәсіптік білім берудің дуалды оқытудың цифрлық платформасы студенттер, оқытушылар және жұмыс берушілер арасында тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Астана қаласындағы қоғамдық тамақтану және сервис колледжінің мысалында түлектердің алған мамандығы бойынша жұмысқа орналасу көрсеткіші 93%-ға жеткен.
Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында цифрлық шешімдер кешені, электронды наряд-рұқсаттар, жүргізушілердің жағдайын бақылау жүйелері, сондай-ақ құрылыс нысандарындағы жарақаттанудың алдын алуға арналған бейнеталдау жүйесі бар «Ақылды каскалар» түріндегі жасанды интеллект шешімдері таныстырылды.
Бүгінде Қазақстанда 9,4 млн адам еңбек қызметімен қамтылған. Жыл басынан бері 475 мыңнан астам азамат жұмыспен қамтамасыз етілді. Электрондық еңбек биржасында 800 мыңнан астам бос жұмыс орны бар.
Үкімет өндірістің нақты қажеттіліктері мен еңбек нарығындағы өзгерістерді ескере отырып, кадр даярлау бағытында жүйелі шаралар қабылдап жатыр. Кәсіптік оқыту мен мамандар даярлауды технологиялық және экономикалық өзгерістерге сәйкес ілгерілете дамытуды көздейтін жаңа Жұмыспен қамту бағдарламасы әзірленіп жатыр.
Цифрлық құзыреттерді дамытуға да ерекше мән беріліп отыр. Жыл соңына дейін 600 жұмысшы мамандықты кәсіби стандарттармен қамту жоспарланған.
ТжКБ жүйесінде жұмыс берушілермен бірлесіп мамандар даярлау күшейтіліп жатыр. Дуалды оқытуға 552 колледждің 138 мың студенті және шамамен 11 мың кәсіпорын қатысады. Бұдан бөлек, 43 мың студент жұмыс берушілердің мақсатты тапсырысы бойынша білім алып жатыр.
Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Еңбек адамына ерекше мән беретінін атап өтті.
Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясы барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біздің ортақ міндетіміз – әр азамат өз өмірінен орнын тауып, адал еңбегімен отбасын қамтамасыз етіп, Отанға пайдасын тигізе алатын жағдай жасау», – деп атап өткен болатын.
«Адал азамат» тұжырымдамасына сәйкес еңбекқорлық, жауапкершілік және білімге ұмтылыс ең маңызды қасиеттер ретінде айқындалған.