АҚШ президенті Дональд Трамп пен Қытай төрағасы Си Цзиньпин төрт айдан кейін қайта кездесіп, Қытай көшбасшысының он жылдан астам уақыттан кейін АҚШ астанасына жасаған алғашқы сапары аясында бір-біріне жылы лебіз білдірді.
Алайда кездесуден кейін екі ел арасындағы негізгі мәселелер бойынша жағдай айтарлықтай өзгеріссіз қалды, - деп жазады америкалық және қытайлық БАҚ.
Жұма күні екі ел басшысы Ақ үйде шай ішіп, Ұлттық мұрағатқа барды. Осылайша үш күнге созылған саммит аяқталды. Reuters жазуынша, кездесу бірқатар даулы мәселелер бойынша ірі жария келісімдерден гөрі жеке дипломатияға көбірек мән берілгенін көрсетті.
АҚШ пен Қытай көшбасшылары саудадағы бітімді ұзартты, сыйлықтар мен жылы лебіздер алмасты, сондай-ақ жасанды интеллект саласындағы тәуекелдерді тежеу бойынша бірлесіп жұмыс істеу мүмкіндігін мойындады. CNN мәліметінше, саммиттің қорытындылары негізінен символикалық сипатта болып, экономика саласында нақты ірі келісімдер жасалған жоқ.
Басылымның жазуынша, екі ел арасындағы негізгі қайшылықтар – Тайвань, технологиялар және жасанды интеллектті бақылау мәселелері – әлі де сақталып отыр.
Си Цзиньпиннің Вашингтонға сапары тыныш жағдайда өтті. Мемлекеттік қабылдауда Қытай көшбасшысы әлемдегі ең ірі екі экономика арасындағы ынтымақтастық пен шиеленісті бәсеңдетуге басымдық берді.
Екі халық арасындағы достық – үлкен перспективаларға жол ашатын игі іс. Күш-жігерімізді біріктіріп, иық тіресе алға жылжиық, – деді Си.
АҚШ президенті Дональд Трамп:
Президент Си екеуіміз әртүрлі жүйелерді білдіретінімізді түсінеміз. Бірақ халықтарымыз арасындағы байланыс мызғымас. Біз ешқашан дәл қазіргідей жақсы қарым-қатынаста болған емеспіз, – деді.
Тараптардың риторикасы бұған дейінгі кездесулерді көп жағдайда қайталады. Си Цзиньпин Қытай ұлтының «ұлы жаңғыруын» Трамптың «Американы қайтадан ұлы етеміз» деген ұранымен салыстырды.
Сонымен бірге АҚШ Қытайға қатысты протекционистік шараларын күшейтсе, Бейжің экспорт көлемін жоғары деңгейде сақтап, стратегиялық маңызды материалдар мен технологияларға ықпалын жалғастырып отыр, деп атап өтеді америкалық БАҚ.
Си Цзиньпин Вашингтонға бизнес делегациясын ертіп бармады. CNN мұны «бизнес немесе сауда саласында елеулі ілгерілеушіліктің болмағанының» белгісі ретінде бағалайды.